Түркістан облысында денесі арықтан табылған оқушы қыздың өліміне қатысты сот үкімі шықты. Марқұм Аружан Орынбайдың денесі былтыр сәуірде табылған еді. Ал оны өлтірді деген күдікке жоғары сыныпта оқитын екі ер бала ілінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Айыптау орнында отырған сотталушылар 15 жастағы Аружан Орынбайды өлтірді деп былтыр күдікке ілінген. Телеарна мәліметінше, олар бойжеткеннің ашық түскен фотосын "әлеуметтік желіге жариялаймын" деп 1 миллион теңге бопсалаған. Сол мезетте арада жанжал шығып, екі жігіт қаршадай қызды өлтіреді. Ал денесін арыққа ағызып жіберген.
"Аружанның өліміне мүлдем қатысым жоқ. Мына баланың айтып отырғанының бәрі - жалған. Пышақты сұғып алсам, оны бермей, лақтырып, көзін құртпаймын ба?" - деді сотталушы Бейбарыс Берік.
Сотталушы тағылған кінәні сол күйі мойындаған жоқ. Бірақ сот сараптамасының нәтижесінде Аружанның тырнағынан Бейбарыстың терісі шыққан.
"Үш жыл дұрыс деп ойлаймын. Ал мына балаға 16 жыл бергені дұрыс болды. Кешірім сұраған жоқ, мойындаған жоқ. Бірақ сараптамада дәлелденді", - деді марқұмның анасы Динара Зілғараева.
Алайда 16 жылға сотталған Бейбарыс Беріктің анасы үкіммен мүлде келіспейтінін айтты. "Әділдікті талап етемін" деген әйел ұлының ол кезде қойшы ауылда болғанын айтып отыр.
Айта кетейік, бұл - апелляциялық сот отырысы. Бұған дейін Аружанның екі жерінен пышақ тықты деген Бейбарыс Берікке 16 жыл жаза мерзімі берілген. Ал марқұмды сол қаралы кездесуге шақырған Тасқын Төлеп бас бостандығынан шектеу жазасымен құтылған. Алайда ол да үш жылын темір тордың арғы жағында өткізетін болды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз