Қазақстанда педагогикалық мамандықтарға қабылдау талаптары күшейтіліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елімізде мұғалімдердің жүктемесін азайту мақсатында пәндік білімді бағалау тесті алып тасталды. Алайда педагогикалық қызметке жаңа келген түлектер, қызметін қайта бастаған педагогтер, сондай-ақ, білім беру ұйымдарының басшылары, орынбасарлары, әдіскерлер үшін тест сақталады. Педагогтің қызметі тест нәтижесімен емес, оның күнделікті жұмысы мен білім беру сапасына қосқан нақты үлесі арқылы бағаланады. Бұл туралы оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты.
"Бүгінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге тәуелділікті біртіндеп төмендетіп, педагогикалық жоғары оқу орындарына іріктеуде тест нәтижелерімен қатар арнайы емтиханды қамтитын гибрид бағалау моделіне көшу басымдығы айқындалып жатыр. Сонымен қатар, педагогикалық мамандықтарға қабылдау талаптары күшейтіліп, шекті балл 75-ке дейін көтерілді. Яғни педагог мамандығына үміткерлерге талап қатаңдатылып, қабілетті, мықты талапкерлер іріктеледі", - деді вице-министр.
Одан бөлек, аттестаттау талабынан эссе жазу, ғылыми мақала жариялау, авторлық бағдарлама мен оқу-әдістемелік материалдар алып тасталды. Ведомство мәліметінше, бұл шешім педагог қызметін қосымша құжат санына емес, оның нақты жұмыс нәтижесіне қарай бағалауға бағытталған.
Сондай-ақ, мұғалімдердің қызметіне қатысты барлық ақпарат бір платформаға жинақталды. Мұғалімдерді аттестаттау жүйесін жаңартудың маңызды тетіктерінің бірі - процесті толық цифрландыру. Барлық біліктілік санаты бойынша аттестаттау ақпараттық жүйелермен интеграцияланған "Ұстаз" платформасында жүзеге асырылады. Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарованың айтуынша, платформада педагогке қатысты негізгі мәлімет автоматты түрде жинақталып, еңбек өтілі, біліктілігі, кәсіби жетістіктері, сертификаттары және портфолиоға қажет өзге де дерек жүйеленеді.
"Бұл құжат айналымын қысқартып, аттестаттау рәсімдерінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Педагогтің күш-жігерін есепке емес, оқыту сапасына бағыттауға жағдай жасайды. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тесттен өтіп, шекті балл жинаған және портфолиосын жасақтаған педагогтерге өтініш берген біліктілік санатына сәйкес қосымша ақы 1 қыркүйектен бастап төленеді. Алғашқы тестте шекті деңгейге жете алмаған, бірақ портфолиосы талаптарға сәйкес келетін педагогтерге шілдеде қайта тесттен өту мүмкіндігі беріледі", - деді ол.
Министрлік мәліметінше, қайта тестілеу нәтижесінде де шекті балл жинай алмаса, мұғалімге тиісті біліктілік санаты берілмейді, олар 1 қыркүйектен бастап енгізілетін аттестаттаудың жаңа моделіне қатыса алмайды. Ал қайта тесттен өтуді қаламайтын педагогтер қыркүйектен бастап пилоттық режимдегі аттестаттаудың жаңа моделі шеңберінде аттестаттауға қатыса алады.
Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарованың айтуынша, педагог-модератор санаты үшін ашық сабақ саны едәуір қысқарады.
"Бұрын жыл сайын 5 сабақ өткізу көзделсе, енді аттестаттау кезеңі ішінде 4 ашық сабақ өткізу жеткілікті. Біліктілікті арттыру курстарының көлемі 72 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқартылады. Педагогтің білім беру ұйымы деңгейінде шығармашылық топтарға, жобаларға қатысуы талап етіледі. Білім беру ұйымында сынып сағаттарын немесе сыныптан тыс іс-шараларды өткізу талабы енгізіледі", - деді вице-министр.
Педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, педагог-шеберлердің де қызметінде осыған ұқсас өзгерістер болмақ. Пилоттық кезеңге арналған бұйрық жобасы әзірленген, қазір келісу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!