Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауға неге коалиция атынан қатысатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Алдағы сайлауға қандай ұйымнан қатысатыныма қоғам қызығушылық білдіріп отырғанын білемін. Ашығын айтайын, маған әртүрлі республикалық бірлестіктер мен партиялардан олардың атынан үміткер болу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Әсіресе жастар және басқа да қоғамдық ұйымдардың бастама көтеріп жатқанына қуандым.
Осының барлығы азаматтардың кейінгі үш жарым жылда жүзеге асырылып келген реформалар мен өзгерістерге қолдаудың айтарлықтай артқанын көрсетеді. Бірақ жасаған ұсынысы мен сенімі үшін, стратегиялық бағытыма белсенді қолдау көрсеткені үшін барлығына алғыс айтамын", - деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы белгілі бір ұйымнан емес, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік негізін қалыптастыратын қоғамдық-саяси күштердің үлкен коалициясының атынан сайлауға қатысқаны дұрыс болатынын айтты.
"Сондай-ақ бұл Мемлекет басшысының түрлі партиялардан, бірлестіктерден тең арақашықтық сақтау қағидатын нығайтуға мүмкіндік береді. Сайлау науқанын заңдарды қатаң сақтай отыра өткізуді қамтамасыз ету маңызды. Мен Мемлекет басшысы ретінде президент сайлауының әділ әрі ашық өтетініне кепілдік беремін", - деді Тоқаев Павлодар облысының жұртшылығымен кездесуінде.
Еске салайық, биыл 1 қыркүйекте Тоқаев Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтетінін мәлімдеген болатын. Сайлау 2022 жылдың 20 қарашасына белгіленді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!