- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтаудағы ұшақ апаты
Әшімбаев Ақтаудағы ұшақ апатына сырттан шабуыл жасалған болуы мүмкін деген болжамға жауап берді
Сенат Төрағасы Әшімбаев Ақтауда апатқа түскен әзербайжандық ұшаққа дронмен шабуыл жасалған болуы мүмкін деген ақпаратқа қатысты Сенат кулуарында пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Халық арасында шындыққа сай келмейтін көзқарас қалыптастырмау үшін алып-қашпа әңгімелерді таратпау маңызды. Бұл ретте сабыр сақтап, арнайы комиссия жұмысының нәтижелерін күткен жөн. Ел үкіметі мәселені шешуге бар күшін салып, қажетті шаралар қарастырылып, бірнеше мемлекеттің мамандары қатысқан сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тиісті органдар өз зерттеулерін аяқтап, қорытындыларын жариялаған соң ғана нақты ақпарат беріледі. Сол уақытқа дейін тексерілмеген мәліметтерді таратпау керек. "Мынадай болыпты" немесе "мынадай жасалыпты" деген сыңайдағы негізсіз мәлімдемелерден аулақ болу маңызды", - деді Төраға.
Әшімбаев аталған жағдайды белгілі бір спекулянттар жеке мүдделері үшін пайдаланып отырған болуы мүмкін екенін жасырмады.
"Қаза болғандардың отбасылары мен жақындары үшін мұндай жағдайдың қаншалықты ауыр екенін түсіну қажет. Сондықтан оларға қолдау көрсетіп, адами ұстамдылық таныту - әрқайсымыздың борышымыз. Тексерілмеген ақпарат тарату - тек спекуляция ғана емес, этикаға да қайшы. Өкінішке қарай, кейбір адамдар бұл жағдайды өз пайдасына пайдаланып, ұпай жинауға немесе қаралым тартуға тырысады. Мұндай әрекеттер жауапсыздық пен адамгершілікке қайшы екенін естен шығармайық", - деді Сенат кулуарында Мәулен Әшімбаев.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында ұшақ апатқа ұшырады. Ұшақ Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан. Бұл ұшақ Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі. Кейінірек Төтенше жағдайлар департаменті оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ өртеніп жатқаны анықталды. Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет