- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- МӘМС Үкімет
Асхат Аймағамбетов: “МӘМС жүйесі түбі тесік қайыққа айналды“

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Үкімет сағатында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты бірқатар заңбұзушылықтарды ашық айтты. Оның сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігі дұрыс жолға қойылмаған жүйемен халықты шаршатып қана қоймай, енді МӘМС-тің қаржылық ауыртпалығын жергілікті әкімдіктердің бюджетіне аудармақ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аймағамбетов баяндамасын салыстырмалы аллегориядан бастап, МӘМС-ті түбі тесік қайыққа теңеді.
"Өзенде жүзіп келе жатқан, бір қайықты елестетсеңіздер. Қайықтың түбі тесіліп, оған су жинала береді. Ал қайықшы бұл тесікті жамаудың орнына, қолына шелекті алып, сол суды сыртқа төгумен әлек. Әрине, бұл ештеңе бермейді. Су азаймайды, қайық суға бата береді. МӘМС саласындағы жағдай да дәл осындай. МӘМС-тің қазіргі моделі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отыр", - деді Асхат Аймағамбетов.
Аймағамбетов саладағы жүйелік мәселелер мен заңбұзушылықтарды атап өтті. Оның айтуынша, медициналық сақтандыру қоры тиімсіз жұмсалған қаражат пен жалған есептерге толы.
"МӘМС бойынша бес айлық баланың тісін қанқұрттан емдеген екен. Бес айында әлі тісі шықпаған баланың қалай тісін қанқұрттан емдеуге болады?! Басқа бір адамның 82 тісі емделіп, соған ақша берсін деп қорға тиісті есеп берген екен. Бір күнде бір адамға бір аурухана 32 адамға қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. МӘМС бойынша қаржыландырған қызметті өзі артық қызмет көрсету мен қаржыландыруға итермелейді. Себебі қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ, ал клиникалық протоколдар бұлыңғыр және ашық емес. Бұрын остеохондрозды рентгенсіз анықтайтын. Қазір енді остеохондрозды анықтау үшін бір науқасқа рентген, одан кейін КТ, сосын МРТ, ары қарай басқа талдаулар жүргізіледі. Неге, өйткені мұның барлығы ақша табудың жақша ішінде "заңды жолы". Себебі айтпаса да түсінікті. Неғұрлым көп қызмет көрсетсе, клиника соғұрлым көп ақша табады. Жалпы төлемдердің тек 1%-ына тексеріс жүргізілген, кейбір клиникалар тәуекелдерден қорықпай осындай шараға барып отыр. Осындай бей-берекетсіздік біреу үшін тиімді болып отыр ма деген ой бізді мазалайды", - деді Мәжіліс депутаты.
Айта кетейік, Мәжіліс спикерінің орынбасары Дания Еспаева Үкімет сағатында медициналық қызмет көрсетудің тарифтері мен сапа қазақстандықтардың тең жартысының көңілі толмайтынын айтты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет