Мәжіліс депутаты, тарих ғылымдарының доктор Еркін Әбіл ашаршылық қолдан ұйымдастырылған деп санайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Биыл репрессия мен қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытындағы комиссияның жұмысы аяқталды. Ең алдымен, ақтау алгоритмі жақсартылды. Екіншіден, бұрын құпия болған құжаттардың беті ашылып, Президент архивіне берілді. Бірақ комиссия өз жұмысын аяқтаса да, зерттеу жұмыстары әрі қарай жалғаспақ", - деді Әбіл Астанада өткен дөңгелек үстелде.
Тарихшы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі заңға өзгеріс енгізу керегін айтады.
"Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндені заң ескірген. Заң 1992 жылы қабылданған. Оған ғалымдар ақтауға жататын категорияларды кіргізуге ниетті. Сол себепті заңгерлер үшін де біраз жұмыстар бар. Өйткені кейбір көтеріліс жасаған тұлғалар заң бойынша "бандит" деп есептеледі.
Репрессия мен қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысы әлі де жалғасады. Ғалымдар мен тарихшылар тағы бір бастаманы қолға алды. Бұл - халықтың ішіндегі ашаршылық жөніндегі естеліктер. Ашаршылықты көрген соңғы буын өткен ғасырдың 20-30-жылдары дүние келген. Сол себепті халықтың жадынан ақпарат жинауға кірісуіміз керек", - дейді депутат.
Депутаттың сөзінше, ашаршылық саяси құрал болған.
"Халықты кәмпескелеу, саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық - Кеңес үкіметінің саяси құралы. Ашаршылық соның сатыларының бірі десек болады. Сондықтан мен зерттеуші ретіндегі ашаршылықты қолдан жасалған деп есептеймін", - деді Еркін Әбіл.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!