Қазақстандық әнші, актриса Аша Матай кейінгі кезде өнерден алыстап кетуіне күйеуінің қызғаншақтығы себеп болғанын айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бұл туралы "1001 түн" бағдарламасында сөз қозғаған. Аша Матайдың айтуынша, күйеуі оған киноға түсуге рұқсат бермепті.
"Жолдасым фильмге түсуге рұқсат етпейді. Өзінің жарын қызғану, қимау – негізі бүкіл ер-азаматтарға тән нәрсе деп ойлаймын. Негізі Арманның қолдауы ерекше. Отағасына көп рақмет айтқым келеді. Сахнада жарқырап, құлпырып жүруімнің өзі – сол кісінің арқасы, қолдауы. Өзінің "Менсіз киноға түспеші" деген өтініші бар еді. Мен соған келістім. Түсетін болсақ, бірге түсеміз", – деді ол сұхбатында.
Әнші қазір көп уақытын отбасына және жеке кәсібін дамытуға арнайтынын айтты.
"Қазіргі таңда мен уақытымды үйге, бала-шағама, күйеуіме, енеме арнаймын. Сондай кезеңде жүрмін. Бизнес саласына бет бұрдым. Ал Арман қазіргі таңда әншілік қырынан көрінуге дайын. Бірнеше ән жазып жатыр, хит болады деп ойлаймын", – деді ол.
Айта кетейік, Аша Матай жақында ғана өмірге келген Баян Мақсатқызының екі қызына кіндік шеше болған еді.
"Алма деген тәтті қыздың кіндік шешесі болып тағайындалдым! Тұрсен жездем мен Баян тәтем біраз ойланып, қабылдаған шешімдері екен. Баланың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, ақылы, адамгершілігі, еңбекқорлығы кіндік шешеге тартады деген түсінік бар. Саған ұқсаса, жаман болмайды дейді. Мен үшін, бұл үлкен қуаныш, абырой, Аллаға шүкір! Көпбалалы анамын, енді менің 6 қызым бар!", – деп жазған еді Аша Матай әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!