- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Аш қарынға жеміс...
Аш қарынға жеміс жеу қатерлі ісікті емдейтіні рас па?
WhatsApp-та доктор Стивен Мактың аш қарынға жеміс жесе, бұл қатерлі ісіктен айығуға септігін тигізеді деген хабарламасы тарады. Онда бұл аурудың соңғы сатысындағы науқастарға да көмектесетіні айтылады. Мұның бәрі - ескі фейк, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Жемісті міндетті түрде аш қарынға жеу керек деген теория әлеуметтік желіде 2009 жылы тарады. Ол кезде онкологиялық аурулар мен доктор Стивен Мак туралы ақпаратта айтылмаған еді. Бұл теорияға 1998 жылы Сингапур аспазы Деваги Санмугам жазған мақала негіз болды. Ол мәтінде аш қарынға жеген жеміс "дұрыс" сіңетіні және бұл адамдарға қоректік заттардың көп мөлшерін алуға мүмкіндік беретіні туралы айтқан. Бірақ мұндай қорытынды жасауға ғылыми негіз жоқ. Жемісті қашан жесеңіз де, бірдей сіңеді.
Осыдан кейін аш қарынға жеміс жеудің пайдасы туралы мәселе желіде 2013 жылы көтерілді. Сонымен қатар, хабарламаға қатерлі ісік ауруын емдеу туралы мәлімдемелер және доктор Стивен Мактың "жеміс диетасы" туралы сөздері қосылды.
Шындығында, жеміс-жидек жеу арқылы қатерлі ісік ауруын емдеуге болатыны туралы зерттеулер жоқ. Сондай-ақ, желіде осы тақырыпты зерттеген доктор Стивен Мак туралы мәлімет жоқ. Бұл дәрігерге тек жеміс-жидек диетасы туралы мәтіндерде сілтеме жасалады. Демек, доктор Стивен Мак ойдан шығарылған деп пайымдауға болады.
AFP порталының фактчекерлері 2021 жылы аш қарынға жеміс жеу қатерлі ісік ауруын емдейді деген пікірді тағы да тексерді. Тілшілер үш онкологпен сөйлесті, олардың бәрі аш қарынға жеген жеміс қатерлі ісік ауруын емдейді деген гипотезаны жоққа шығарды.
Қорыта айтқанда, тараған хабарлама - 1998 жылы жазылған дәлелсіз мақаланың "кеңейтілген" нұсқасы саналатын ескі фейк.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова