- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Асфальттағы жарнамаға тыйым...
Асфальттағы жарнамаға тыйым салынбақ
Бүгін Мәжілістің Экономикалық реформалар, бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі комитетінде асфальттағы жарнамаға тыйым салуды көздейтін заң жобасы таныстырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аталған комитетте "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілерін астана және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы таныстырылды. Құжатта асфальттағы жарнамаға тыйым салуды көздейтін норма бар.
"Cыртқы жарнаманы жолдар мен көшелерді бояу арқылы орналастыру қалалардың эстетикалық келбетіне теріс әсер етеді. Сондай-ақ қаланың сыртқы келбетінің нашарлауына қоғамдық орындарда аудио жарнаманың кең таралуы себеп болып отыр. Қазіргі кезде аталған әрекеттер ереже бұзу әрекетіне жатпайды және заңнамада оған қарсы ешқандай әкімшілік шаралар көзделмеген", - деді ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.
Сондықтан министрлік қалалардың сыртқы келбеті бойынша мәселелерін шешу үшін аталған заң жобасына төмендегі өзгерістерді енгізеді:
- "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңына республикалық маңызы бар қала, астана мәслихатының құзыретін дизайн-кодты бекіту жөніндегі нормамен, ал әкімдіктердің құзыретін стационарлық емес объектілерді орнату мен жұмыс істеуі бойынша қағидаларды бекіту жөніндегі нормамен кеңейту;
- "Астана мәртебесі туралы" заңына елордада бірыңғай дизайн-кодты енгізу және оның жалпы ережелерін айқындау;
- "Жарнама туралы" заңына ғимараттардың/тұрғын үйдің меншік иесіне бұзушылықтармен орнатылған жарнама объектісіне демонтаж жөніндегі талаптарды қолдану;
- Ашық кеңістікте аудио жарнаманы таратуға тыйым салу;
- Тротуарларда, веложолдарда, автожолдарда және көшелерде сыртқы жарнаманы орналастыруға тыйым салу.
Министрдің орынбасары заң жобасы аясында асфальттағы жарнамаға тыйым салу көзделіп отырғанын айтты.
"Қазір қаладағы тротуарға белгілі бір дүкеннің немесе басқа да өнімдердің жарнамасын бояумен жазып кететінін көріп жүрміз. Әкімдіктің коммуналдық қызметтері сол түрлі шимай жазу мен бояуларды өшіріп, әлекке түсіп жатады. Осының барлығы қаланың келбетін құртады.
Сондай-ақ осы жазулар жолда жүріп келе жатқан адамның назарын аударып, қауіпсіздікке де әсер етеді. Біз осындай әрекеттерге жол бермеуді қарастырып жатырмыз. Қазір осының бәрі әкімшілік заң бұзу әрекетіне жатпайды. Бірақ осындай бояулар үшін жарнама туралы заңнама аясында айыппұл енгізуді ұсынып отырмыз", - деді Бауыржан Омарбеков.
Вице-министр айыппұл мөлшерін нақтыламады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Есен