Алматының қақ ортасында орналасқан Горький саябағы - қала тұрғындары үшін ерекше орын.
Алайда соңғы кездері саябаққа келушілер түсініксіз жайттың куәсі болып отыр. Саябақ ішінде брусчаткалар тиелген ағаш түпқоймалар (поддон) көбейген. Десе де, тұрғындардың көпшілігі жақсы жол жабындысын бұзып, брусчатка төсеудің негізсіз екенін алға тартады. Мәселенің мән-жайын Massaget.kz тілшісі анықтауға тырысты.
© Суретте: Жолды жауып тастаған ағаш түпқоймалар / Нұрбол Ынтымақұлы
Тұрғындардың айтуынша, асфальт әлі де жақсы күйде, ал алып келінген брусчаткалар жолдың көп бөлігін жауып тастаған.
“Бұл жерде брусчаткалар жатқанына екі айдай уақыт болды. Бірақ жолдар тегіс, еш ақауы жоқ. Сондықтан оны төсеудің қажеті жоқ сияқты", - дейді тұрғындардың бірі Роза Есенқұлова.
© Суретте: қала тұрғыны Лиза Кауановна / Нұрбол Ынтымақұлы
"Мұнда жиі келмеймін, бірақ бүгін паркке келгенімде таңғалдым. Асфальт жамылғысы әлі де жақсы емес пе? Әлі ешбір жері бұзылмаған. Жақсы нәрсені бекерге құртуда. Брусчаткаға сенбеймін, ол уақыт өте келе жылжып, қисайып кетеді. Асфальт әлдеқайда сенімді," - дейді тағы бір қала тұрғыны Лиза Қауановна.
Аралай келе, саябақ ішіндегі асфальт жабындысын байқап көрдік. Бір-екі жерден ойықтар байқалады. Дегенмен асфальт жағдайы жаман деуге келмейді.
© Суретте: Жолдағы ойықтар / Нұрбол Ынтымақұлы
© Суретте: Саябақ жолы / Нұрбол Ынтымақұлы
Ал саябақ ішіндегі жолдардың көп бөлігі брусчаткалар қойылған ағаш түпқоймалар тұрғындардың серуендеуіне кедергі келтіріп жатқаны шындық.
Тұрғындар әкімшіліктің бұл шешімін түсінбей отыр. Олардың айтуынша, бұл мәселенің түбінде қаржылық мүдде жатуы мүмкін, себебі әлі де жарамды асфальт жабындысын ауыстырудың нақты себебі түсіндірілмеген.
© Сурет: Tengrinews.kz / Алихан Сариев
Қала әкімшілігіне осы мәселеге қатысты ресми сауал жолдадық, олар асфальт жабыны тозған дейді. Десе де шығынды мемлекет емес, компания көтереді екен.
"Алматы қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағының аумағында "Алтын-Тараз сауда-қаржы компаниясы" ЖШС асфальт төсемдерін 2025 жылы ауыстырады. Саябақ аймағының бір бөлігі компанияның жекеменшігінде. Қазіргі уақытта материалдарды сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары өз инвестициясы есебінен жүзеге асырылады, бюджеттен қаражат жұмсалмайды. Компанияның мәліметінше, асфальт жабынын тротуар плиткасына ауыстыру тозуына және бүлінген жағдайына, соның ішінде шұңқырлардың пайда болуына байланысты жүргізіледі. Тротуар плиталарын төсеу жаяу жүргіншілерге қауіпсіз жағдай жасайды және саябақтың эстетикалық көрінісін береді. Тротуар плиталары, асфальттан айырмашылығы, механикалық зақымдануға және ауа райына төзімділікке ие. Бұл қайталанатын сәтсіздіктер қаупін азайтады. Зақымдалған жағдайда жеке плиткаларды оңай ауыстыруға болады, бұл асфальтпен салыстырғанда техникалық қызмет көрсетуді айтарлықтай жеңілдетеді", - делінген хабарламада.
© Сурет: Tengrinews.kz / Андрей Зайцев
Ақпарат кеңістігін шолып, сарапшылар пікірін оқып көрдік. Мысалы, bbc.com-ға сұхбат берген сарапшы Алексей Радченко плиткалар асфальтқа қарағанда әлдеқайда жақсы екенін айтты.
"Дұрыс төселген кезде плиткалар асфальтқа қарағанда әлдеқайда жақсы. Ол экологиялық таза, эстетикалық жағымды, күн сәулесінде де аз қызады. Бұл жаяу жүргіншілер тротуары мен қала орталығы үшін өте қолайлы материал. Асфальт, плиткаларға қарағанда экологиялық таза емес, ол тез бұзылып, тегістігін жоғалтады. Плиткалар жақсы төселсе, 50 және 100 жылға дейін жарамды болуы мүмкін", - дейді Алексей Радченко.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз