Астана әкімі Әсет Исекешев Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есіловпен және ардагерлер ұйымының мүшелерімен кездесті, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Елордада ардагерлер мен зейнеткерлерге әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі кешенді шаралар қолға алынды. Зейнеткерлер қоғамдық көлікпен тегін жүреді, Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектер ай сайын жергілікті бюджет есебінен коммуналдық төлемдер мен телефон үшін абоненттік төлем жасау және т.б. үшін ақшалай түрде әлеуметтік көмек алып тұрады.
– Президент өзінің Жолдауларында мемлекеттің халықтың әлеуметтік осал топтарына әлеуметтік қолдау көрсетуге қаржы аямайтынын және мойнына алған барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындайтынын атап өтеді. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемінің көлемі 9% артты, мүгедектік, асыраушысынан айырылу бойынша және жасына қарай төленетін мемлекеттік әлеуметтік төлемдердің мөлшері 7% өсті, - деді Ә. Исекешев.
Оның айтуынша, елордада ҰОС ардагерлері баспанамен қамтылды, қалалық әкімдік зейнеткерлер мен ардагерлерге қолдау көрсетуді жалғастырады.
Өз кезегінде, ардагерлер мен зейнеткерлер әкімге қала тұрғындарын мазалайтын мәселелер жайлы айтып берді. Жақын арада қалада ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне арналған шағын орталықтар ашылады. Мұқтаж азаматтарды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге де баса назар аударылды. Жиналғандар дәрілік заттардың бағасының негізсіз өсуіне жол бермеудің маңызды екендігін атап өтті. Кездесу соңында қала әкімдігінің тиісті басқармаларына тапсырмалар берілді.