Аса ірі көлемде есірткі таратқан қарағандылық сотталды

Аса ірі көлемде есірткі таратқан қарағандылық сотталды
Фото: Коллаж: ІІМ, depositphotos.com

Аса ірі көлемде есірткі таратқан қарағандылыққа 10,5 жыл жаза тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қарағанды - Қарағанөзек теміржол өткелінің аумағында жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 34 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Ол есірткі заттарын заңсыз сақтады деген күдікке ілінген.

Ұсталған адамның жеке заттарын тінту кезінде салмағы 427 грамм болатын мефедрон тәркіленді.

"Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мұндай мөлшер аса ірі көлем болып есептеледі. Полиция қызметкерлері күдіктіге қатысты соталды тергеу амалдарын жүргізді. Тергеу барысында оның есірткі заттарын қала аумағында тарату үшін телеграм арқылы сатып алғаны анықталды. Сот шешімімен тұрғын қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, жыл басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері 393 есірткі дерегін анықтаған. Оның ішінде 34 тарату, 23 аса ірі көлемде сақтау және 10 контрабанда оқиғасы тіркелген.

Заңсыз айналымнан 240 келіден аса түрлі есірткі, оның ішінде 1 келіден аса синтетикалық есірткі тәркіленді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова