Танымал журналист Ерланби Дәулетіар әлеуметтік желіде дүңгіршектердің бірінде нан бағасы 1000 теңгеге жеткенін көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Журналист Instagram-парақшасында видео жүктеген. Одан дүңгіршектердің бірінде нан адам айтса сенгісіз бағамен сатылып жатқанын байқауға болады.
"- Қай наныңыз 250 теңге дедіңіз?
- Мынау 250 теңге.
- Ана наныңыз қаншадан?
- 1000 теңгеден.
- Мына үлкен нан ше?
- 600 теңге.
- Сұмдық қой, неге қымбат? Мынадай кішкентай нанды мың теңгеден сату үшін не қосу керек?
- Сары май", - дейді видеодағылар (сатушы мен журналист - еск.).
Журналистің айтуынша, бұл оқиға Алматыда орналасқан Көк базар маңындағы дүңгіршектердің бірінде болған. Ал нан сатушы бұл сол дүңгіршек иесі қойған баға екенін жеткізіпті.
"Бұл не ашкөздік пе жоқ әлде сарымай қосылған тандырнан, расында да, ерекше технологияны қажет ететін күрделі процесстердің бірі ме еді? Бензин мен газдың бағасы өскелі жатыр, онда мына кішігірім лепешкалардың құны ертең 2000-ға бірақ баратын шығар, иә?" - дейді Ерланби Дәулетіар әлеуметтік желіде.
Оның сөзінше, алғашында Ташкентте арнайы технологиямен жасалатын нан шығар деп ойлапты. Видеоны түсірген журналистке хабарласқанымызда, нан бағасына таңғалғанын жасырмады.
"1000 теңге" деді. "Неге 1000 теңге? Несі ерекше 1000 теңге сататындай?" дедім. Ташкентте осындай лепешкалар болатын, оның, шынында да, технологиясы бөлек, оның түрі де бөлек. Сондай бірдеңе деп ойладым. "Сары май қосамыз" дейді. Орташа пиццаның көлемімен бірдей. Одан үлкенірегі 600 деді ме, 800 деді ме, сондай деді. Дүкенде сатылатын лепешка 250 теңге деді. Бөлке наны - 200 теңге", - деді журналист.
Желі қолданушылары да мұндай бағаны естігенде таңғалып, қымбатшылық қысып жатқанын жеткізген.
"Масқара ғой мынау, қандай сары май қосқан?", "Бақылау жоқ, осылай қалықтап кете береді... Масқара", "Бензин қымбаттады, енді әрі қарай басқалары да, бағаны көтереді... Бәріміз біліп отырмыз, қымбатшылық күннен-күнге, бірақ халық айтып-айтып қояды, күнделікті әңгіме сияқты... Соңы не болады???", "Арзандайды дегені қайда?", - дейді әлеуметтік желіде пікір жазғандар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!