Қазақстанда қысқы шиналарды интернет арқылы сатып алмақ болған жүргізушілер алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатыр. Бұл туралы Massaget.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Күннің суытуына және автокөлік шиналарын ауыстыру науқанының басталуына байланысты Ішкі істер министрлігі интернет арқылы қысқы дөңгелектерді сату кезінде жасалатын алаяқтық туралы ескерту жасады.
Алаяқтар интернет-платформаларда, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде қысқы шиналарды қолжетімді бағамен сату туралы хабарландырулар жариялайды. Өздерін сатушы ретінде таныстырып, тауарды брондау үшін алдын ала төлем жасауды немесе ақшасын толық аударуды ұсынады. Бұл ретте сұраныстың жоғары екенін және шиналардың саны шектеулі екенін алға тартады. Ақшаны алғаннан кейін алаяқтар байланысқа шықпай, сатып алушыларды бұғаттап, хабарландыруларын өшіріп тастайды. Соның салдарынан азаматтар тауарсыз қалып, ақшасынан айырылады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
О. Сансызбай