Арыстанбек Мұхамедиұлының суицид жасамақ болғаны расталды. Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы былтыр үйін тінту кезінде Антикор өкілдерінің көзінше өзін өлтірмекші болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Мұхамедиұлының жұбайы сол кезде ауруханаға жедел жеткізілгенімен, толық емделіп шығуына мүмкіндік берілмеді деп шағым айтты.
"Мен күйеуімнің денсаулығына алаңдаймын. Қазір бұлшық еттері құрысып, өздігімен кейде жүріп-тұра алмай қалады Дәрігерге көрсетейік деп, үйқамаққа жіберуді бірнеше мәрте сұрадық. Біздің талабымыз қанағаттандырылмай жатыр", - деді Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі Ғалия Ысқақова.
Мұхамедиұлы бүгінгі сот отырысында біраз мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, ұрланған ақшаға еш қатысы жоқ. "Құжаттарда қойылған барлық қол да менікі емес" деп отыр. Сондықтан арнайы сараптамадан тағы бір рет өткізуді сұрайды.
Арыстанбек Мұхамедиұлына "Алтын адамның" әлем мұражайларындағы шеруі" халықаралық көрмесін өткізуге бөлінген бюджеттің миллиондарын ұрлады деп айыпталған, оны өзі мойындамай отыр.
"Мына құжаттың бәрін көргенде таңғалдым. "Мынау менің қолым емес қой" деумен болдым. Мойныма ілінген 221 миллион теңгені жымқырды деген айыппен келіспеймін. Соңына дейін күресемін. Маған қазір жан-жақты қысым жасалып жатыр. Камераның өзінде аса ауыр қылмыс жасаған адамдармен отырамын. Оның арасында қылмыс әлемінде аты шыққаны, түрмеге оралғаны да бар", - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!