Арыстағы жантүршігерлік жағдай: полиция үш адам, оның ішінде екі бала қайтыс болғанын растады

Әлеуметтік желі мен бірқатар БАҚ-та Түркістан облысы Арыс қаласында болған жантүршігерлік оқиға туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тарап жатқан мәліметке сүйенсек, әйел адам басқарған көлік жеке тұрғын үйдің қоршауына соғылған. Сол сәтте қоршау маңындағы орындықта адамдар отырған. Жол апаты салдарынан бірнеше адам қаза тапқаны айтылды. Олардың арасында балалар мен жүкті әйел болған. Тағы біренеше адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

Түркістан облысы Полиция департаменті редакцияға берген жауабында бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. 

"Үш адам қаза тауып, екі адам жарақат алған жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша Арыс қаласында JAC маркалы көлік жүргізушісі мас күйінде бірнеше адамды қағып, қашып кеткен. Оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу шықты. Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оқиға орнында үш адам, оның ішінде екі кәмелетке толмаған жасөспірім қайтыс болды. Зардап шеккен 2 адам медициналық мекемеге жеткізіліп, оларға көмек көрсетілді", - деді полиция.

Қазір жедел тергеу тобы мән-жайды жан-жақты, толық анықтауға бағытталған барлық іс-шараны жүргізіп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процестік шешім қабылданбақ.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!