- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Арыста кісі өлтірді...
Арыста кісі өлтірді деген күдіктілер ұсталды, тағы біреуі бой тасалап жүр
Түркістан облысының полицейлері Арыста кісі өлтірді деген күдіктілерді ұстады , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ҚР ІІМ криминалдық полиция департаменті мен Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері прокуратурамен бірлесіп өткізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, Арыс қаласында ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген екеуді анықтап, ұстады.
5 тамыз күні бейтаныс біреулер Арыста салынып жатқан үйдің аумағына кіріп, қарудан оқ атып, қашып кеткен. Үй иесі мен оның танысы алған жарақаттарынан қайтыс болып, тағы екі адам ауруханаға жеткізілген.
Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы ("Кісі өлтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген.
Бұл іске қатысты арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Қылмысты ашуға Түркістан облысы полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы, криминалдық полиция басқармасы, Арыс аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылды.
Жедел уәкілдер арнайы іс-шаралар нәтижесінде Арыс тұрғындарын, яғни үш күдіктінің кім екенін анықтады. Бүгінде олардың екеуі ұсталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді.
"Қазіргі уақытта үшінші күдіктіні ұстауға бағытталған барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы анықталады. Тергеу барысы Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан