Әлеуметтік желіде "арықтағысы келген әйел ажал құшқаны" туралы ақпарат тарады. Бұл туралы белгілі журналист Гүлмира Әбіқай жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, марқұмның артында екі бала қалған.
"Арықтаймын деп ажал құшты. Алматылық 47 жасар әйел іштегі майды алдырамын деп арты қайғылы жайтқа ұшырады. Отадан кейін көзін ашып, туыстарына селфи фото жіберген әйелдің жағдайы кешке күрт нашарлайды. Ақыры жүрегі тоқтап, қайтыс болды. Артында 2 баласы, жары қалды", - деді журналист.
Сонымен қатар, көз жұмған әйел ұзақ жылдық еңбек өтілі бар мұғалім болып шықты.
"25 жыл мектепте жұмыс істеген марқұм "Ұлағатты ұстаз" деген медаль иесі. Операция жайлы ұзақ зерттеп, таңдаған клиникамен 1,6 айдан бері үздіксіз кеңес жүргізіп отырған. Отаға барлық анализдері лайық болған. Пластикалық хирургтер липоксациядан соң денсаулықтың асқынуы мүмкін екенін ескертпедік деп мойындап отыр. Сонда қалай?" - деді Гүлмира Әбіқай.
Бұл оқиғаға қатысты Полиция департаменті өкілдері әзірге пікір білдірмеген.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!