Ақтөбе облысы Ырғыз ауылында тұратын Көбек Қонақбаевты жұртшылық "әруақ қонған" адам дейді. Аяқ-қолы шығып, буыны тайғандар ақсақалдың көмегіне жүгінеді. Көбек ақсақал тылсым күштің арқасында қалай сынықшы болғанын Massaget.kz тілшісіне айтып берді.
Ерекше қасиетке ие сынықшыны Ырғыз өңірінің тұрғындары түгел таниды. Елу жылдан бері сынық салады. Жілігі сынып, аяқ-қолы тайып, жүре алмай қалған талай адамды қатарға қосты. Ақсақал сынықшылық қасиеттің 25 жасында қонғанын айтады. Ол уақытта Көбек Қонақбаев кеңшарда көлік жүргізеді. Ақтөбеден шыққан жас жігіт жол соғып шаршағасын, ата-бабалары жатқан қорымның тұсына тоқтап, ұйықтап алмақ болады. Күздің кезі, күн салқын. Көлік ішінде жатқан Көбек таң алдында оянып кетеді. Көлігін от алдырып, жүре бергенде қапталынан жанаса ерген аттылы кісі тап болады. Алғашқыда сол маңдағы ауыл адамдарының бірі болар деп топшылайды. Алайда ауылға жақындағанда әлгі кісі ғайып болады.
"Кейін сол кісі менімен "жолдас" болып алды. Далалыққа шықсам жиі көрінеді. Содан кейін бейсенбі, жұма күндері ауырып қалатын болдым. Менің бойымдағы құбылысты енем байқап, өңірге танымал Бақберген сынықшыға қаралуға кеңес берді. Бірақ мен мән бермедім, - дейді сынықшы.
1974 жылдың күзінде қызметтегі басшысы Ырғыздың шалғай ауылына су апарып келуге жұмсайды. Барған үйдің иесі Жаушыбай қарттың қолы шығып кеткен. Қиналған қария Көбекке көрші ауылдағы Боранқұл емшіге апарып келуін өтінеді. Үй ішіндегі әйелдер жерге дастарқан жайып, Көбекті шайға шақырады.
"Шай құйған кесені алайын десе қолым жетпейді. Әрі-бері қозғалып қайта созамын, жетпейді. Сөйтсем мен дастарқан басында басқалардан жарты метрдей жоғары отырмын. Бір қызығы бұны менен басқа ешкім байқамайды. Әрең дегенде екі кесе шай ішіп сыртқа шығып кеттім. Тоқетері бір күш еріксіз Жаушыбай қарттың қасына әкелді. Өзім түсінбедім. "Аға, қолыңызды беріңізші" дедім. Құдай төбемізде ғой, мен қолын ұстағаным жоқ. Алақанымды жақындата бергенде сарт етіп, шыққан жер орнына түсті", - дейді Көбек ақсақал.
Жаны жай тапқан қарт Көбекке алғысын жаудырады. Осындай тылсымнан кейін Көбек Бақберген сынықшыға барды.
"Бақберген ата "Балам сынықшылықты ерте бастап кетіпсің ғой. Мен адам денесін 60 жастан асқанда ұстап едім. Енді саған кері жол жоқ. Әруақты алдай алмайсың. Бұлай болмаса бір мүшең кем болады" деді. Мен "жаспын, түсінбеймін" деп азар да безер болдым. Ол "әруаққа ия десең өзі жетелейді. Жастығыңды да біледі. Бойыңды таза ұста" деді,— дейді Көбек ақсақал.
Осыдан кейін Көбек сынық сала бастайды. Содан бері елу жыл өтіпті. Жаны қиналған жандарға қолымен шипа берді. Түрлі оқиғалар өтті. 1982 жылы Ресейдің Пятигорск қаласындағы медициналық университетте оқитын бір топ студент Ырғызға келеді. Сол кезде қораның төбесінен құлап, ортан жілігін шығарып алған студентті аяққа тұрғызды. Тоқсаныншы жылдары Түркістаннан Ақтөбеге қарай алып татарлар ағыла бастады. Камаз көлігіне жылқы тиеп жатқан өзбек азаматы көліктен құлап, белін шығарып алады. Жүруге жарамаған азаматты жолдастары Көбектің үйіне тастап, қайтарда алып кететінін айтады. Бір аптаның ішінде сынықшы өзбекті қатарға қосты. Ал риза болған азамат "мінгізген көлігім" деп бір дипломат ақша ұсыныпты. Бірақ сынықшы ақшаны алмапты. Қаріп болып келген жанға жәрдем беріп, оған ақша алғанды жөн көрмейді екен.
Көбек ақсақал басынан өткен тағы бір тылсым оқиғаны айтып берді. 2007 жылы 14 сәуірде "Волга" көлігін жөндеп жатып, тіреуіші тайып астында қалады. Абырой болғанда сол маңнан өтіп бара жатқан ауылдастары көріп, көмек шақырып шығарып алады.
"Сол сәтте басқа әлемге өтіп кеткендей болдым. Шалқыған әдемі көлдің жағасында жүрмін. Айнала қызыл раушан. Тіршілікте көрмеген мекенім. Жаным жай тауып жатыр. Бір кезде еміс-еміс құда деген дауыс естіледі. Аң-таңмын. Сол кезде жиен бала бетімнен ұрып, есімді жиғыза алмай жатыр екен. Айналам адамға толып қалыпты", - дейді ақсақал.
Дәрігерлер «сүйек аман» деп, үйге жібереді. Алайда ақсақал сынған жерін өзі байқап келесі күні рентгенге қайта түседі. Сөйтсе кебеже сүйегі, жауырынның басы сынып кетіпті. Ауру жанына батқаны сондай тіпті жата алмайды.
"Сол күні креслода отырып ұйықтап кетіппін. Түн ауа ұзын қара қол ауырған жерімді сипап жатыр. Сипаған сайын жаным жай табады. Сынған сүйектерім күтірлеп орнына түсіп жатқандай. Бір кезде жерде жатқан кемпірім "қасымнан өткен сен бе?" дейді. Сол сәтте есіктен біреудің шығып бара жатқанын көзім шалды. Әруақ келген ау дедім. Ертеңіне рентгенге қайта түскенде кешегі ашық көрінген сынық бітіп кетіпті. Осылай жазылып кеттім. Ал әлі күнге әруақ елес болып көрінеді. Бір қызығы менен басқаға көрінбейді - дейді сынықшы.
Көбек ақсақал арғы аталарының ішінде де сынықшылар болғанын, нағашылары Әйтеке бидің тұқымы екенін айтады. Олардың да ішінде әруақты кісілер көп болыпты. Ал Ырғыз өңіріне танымал Бақберген сынықшының көңілі Көбекке ерекше ауып, батасын берген. Сұрағандарға мен өмірден озған соң халық "Көбекке барады" дейді екен. Ақсақалдың есімі Қазалы өңіріне белгілі Көбек Басығара әулиенің құрметіне қойылған көрінеді.
Елу жылдан аса елдің ықылысына бөленіп келе жатқан ақсақал зайыбы Кежек екеуі 7 бала тәрбиелеп өсірді. Ұл ұяға, қыз қияға қонды. 2020 жылы індет тараған кезде Кежек әжеден айрылып қалыпты. Қазір жасы сексенге жақындаған ақсақал балалары мен немерелерінің ортасында отыр.
Кәмшат Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!