Ақтөбе облысындағы тікұшақ апатынан қаза тапқан әскери кім екені белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқу-жаттығу ұшуы кезінде болған авиациялық апат салдарынан Әуе қорғанысы күштері әскери институты авиациялық эскадрильясының офицер-нұсқаушысы, майор Батыр Қайратұлы Оразымбетов қайғылы жағдайда қаза тапқан. Ол 1988 жылы дүниеге келген.
Офицер Әуе қорғанысы күштері әскери институтын 2009 жылы "ұшақтар, тікұшақтар және авиациялық қозғалтқыштар" мамандығы бойынша бітірген.
Қызмет барысында Әуе қорғанысы күштерінде түрлі лауазымдардан өткен. Ми-8 тікұшағын пайдалануда үлкен тәжірибесі бар, жалпы ұшу уақыты 500 сағаттан асады.
"Қызмет барысында жоғары кәсібилік пен адалдық танытқан. Биыл көктемде болған су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан. Мерейтойлық және еңбек сіңірген жылдары үшін медальдарымен марапатталған", - деп жазылған хабарламада.
Марқұм офицер үйленген, артында екі баласы қалды.
Ведомство өкілдері зардап шеккендер туралы да ақпаратты жариялады.
"Апат жағдайында қону кезінде зардап шеккен әскери институт авиациялық эскадрильясының командирі майор Бибарыс Ибраев пен оқу-жаттығу авиациялық орталығының аға ұшқыш-нұсқаушысы аға лейтенант Рүстем Нығметов қазір облыстық ауруханада жатыр. Жағдайлары тұрақты ауыр. Оларға барлық қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Қаза тапқан офицер мен зардап шеккендердің туыстарына, жақындарына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқаны айтылды.
Еске салайық, 9 қарашада сағат 11:40-та 112 нөміріне Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Сарыжар ауылының аумағында тікұшақ қатты қарқынмен қонғаны туралы хабарлама түскен.
"Оқиға орнына келген ТЖМ құтқарушылары өртті ауыздықтады. МИ - 8 тікұшағының бортында 3 адам болған. Олардың біреуі қайтыс болды. Зардап шеккен екі адам Ақтөбе қаласына ҚР ҚМ ЯК-40 ВОСВОД ұшағымен жеткізілді", - деп жазылған ТЖМ хабарламасында.
Кейін Қорғаныс министрлігі құлаған тікұшаққа қатысты мәлімдеме жасап, апат себебін атады.
"Авиациялық оқиғаның алдын ала себебі - техникалық ақаулық. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Жергілікті жерде ведомствоаралық жедел топ жұмыс істеп жатыр", - деп жазылған Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің жағдайы тұрақты ауыр. Науқастар есін біледі, сұрақтарға жауап бере алады.
"Ауылда тікұшақ құлағаны туралы хабарлама 103-ке сағат 11:36-да түсті. Оқиға орнында екі науқасқа Мәртөк аудандық ауруханасының жедел жәрдем бригадасы көмек көрсетті. Бір жәбірленуші 103 келгенге дейін қаза тапты", - деп жазылған Денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, тікұшаққа 2023 жылы Алматы қаласының 405 авиациялық-жөндеу зауыты базасында жөндеу жасалған.
"Барлық регламенттік жұмыс, оның ішінде ұшу алдындағы дайындық нормативтерге сәйкес орындалды. Тікұшақ экипажының да айтарлықтай тәжірибесі бар, күндіз де, түнде де қиын метеорологиялық жағдайларда, оның ішінде төтенше жағдайларға тап болған кезде де тапсырмаларды орындау үшін кәсіби түрде дайындалған", - деп жазылған Қорғаныс министрлігінің кейінгі хабарламасында.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!