“Артында екі баласы қалды“. Полицей әйелін көлікпен қағып өлтірген іске қатысты жаңа дерек шықты

Алматы облысы Балқаш ауданында адам өліміне әкеп соққан жол апатына қатысты жаңа мәлімет белгілі болды. БАҚ мәліметінше, 38 жастағы әйелді күйеуі, яғни полиция қызметкері жүргізіп келе жатқан көлік қағып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

Желідегі мәліметке сүйенсек, 16 мамырда Балқаш аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қапшағай - Бақанас тасжолында жұбайын қағып өлтірген. Дерекке қарағанда, оқиға қызметтік көлікпен болған.

Марқұм Дарина Қабдулданованың туыстары телеарнаға берген сұхбатында жол үстінде ерлі-зайыпты арасында жанжал шыққанын айтқан. Күйеуі оны жол жиегіне қалдырып кетіп, кейін қайта алып кету үшін оралған. Осыдан соң қайғылы оқиға болып, әйел алған жарақаттарынан көз жұмған.

Туыстарының айтуынша, олардың 37 жастағы күйеу баласы аудандық полиция бөлімдерінің бірінде бастықтың орынбасары қызметін атқарады. Ол қызметтік көлікті тізгіндеген. Бұрын Дарина да полицияда жұмыс істеген, олар сол кезде танысқан.

Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірмеді. Күдікті ұсталғаны ғана белгілі. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.

"Әйелін қағып кетті деген күдікпен 37 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиға салдарынан әйел алған жарақаттарынан сол жерде мерт болды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді Алматы облыстық ПД ресми өкілі Ернар Сәйділдин.

Телеарна мәліметінше, марқұмның артында кәмелетке толмаған екі баласы қалған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!