Атырауда адам өлімімен аяқталған төбелеске қатысты тың дерек шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, екі адамның кикілжіңіне көліктің сырылып кетуі себеп болған. Кешеден бері әлеуметтік желіге тарап, елдің есін алған жағдайды атыраулықтар әлі де қызу талқыға салып жатыр. Көпшілік тіпті базар маңына барудан қорқып қалған. Телеарна мәліметінше, бейнебақылау камерасынан ашулы ер адам екінші ер адамды тоғыз рет ұрып, құлатқаны көрінеді. 56 жастағы Амандық Сағынғалиев ауруханаға жеткізілгенімен, алған соққының әсерінен өмірімен қош айтысты. Ал басты күдікті оқиға орнынан дереу із суытқан.
"Оқиға осы жерде болды. Бірақ ол кісілердің не істеп жатқанын көрген жоқпын. Адамдар көп жиналмады, мән берген жоқпын", - деді куәгер Гауһар Ізғалиева.
Алғашқылардың бірі болып оқиға орнына марқұмның қызы жеткен. Ол "әкемді жедел жәрдем көлігіне отырғызып жатқанда, жұдырығы жуан ер адам әлі де балағат сөз айтып жатқан" дейді. Ал кейін келген туыстарына күдікті төбелестің мүлдем басқаша өрбігенін айтыпты. "Сөзге келіп қалып, бір-ақ рет ұрдым. Марқұм өзі құлап, басын соғып алды" деген нұсқаға қайтыс болған азаматтың туыстары сеніп қалған. Олар "марқұм жан баласын ренжітпейтін, абыройлы тұлға еді" деп еске алды.
"Амандақ ағамыз - елге қызмет қылған ауылымыздың сыйлы азаматы. Елдің алғысын арқалаған, жақсылықтың жаршысы, ақкөңіл, адамды ренжітпек түгілі, жәндікке зияны тимейтін. Ол кісі қолынан қаза тауып, ауылымыздың қабырғасын қайыстырды. Отбасына Алла сабыр берсін дегім келеді", - деді марқұмның туысы Ләззат Тастаева.
Қазір бұл іске қатысты тергеу басталған. Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы істі тікелей жеке бақылауға алғанын мәлімдеді.
"Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, адам өліміне алып келу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды", - деді Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев.
Айта кетейік, қаза болған азаматтың денесі кеше жер қойнына тапсырылды. Марқұмның артында қайғы жұтып тұтас әулет, 4 баласы мен 5 немересі қалды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!