Әдетте Ұлттық ядролық орталық жұмысы туралы көп айтылмайды. Ал Курчатовтағы ғалымдар әлемдік деңгейдегі мәселелерді шешеді. Оған қоса, мұнда бүкіл планетаға жететіндей шағын күн өндіруге тырысып жатыр. Tengrinews.kz тілшілері 6 қазанда өтетін референдум алдында Абай облысына барып қайтты. Бұл қызыққа толы ғылыми саяхатқа айналды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ең алдымен біз ҰЯО-ға тиесілі екі зерттеу реакторының бірін көруге асық болдық. Қазақстанда үш реактор бар. Алматыдағы реактор туралы бұған дейін айтқан едік. Қалған екі реактор (ИВГ.1М мен ИГР) мұнда – Абай облысында орналасқан.
Курчатовтан ИВГ.1М реакторына дейін шамамен 60 шақырым.
Бұл жерді Ұлттық ұлан қызметі күзетеді. Сондықтан кез келген нәрсені тек рұқсат арқылы түсіре аласыз. Онда да барлық жерге рұқсат жоқ.
Бұл жерді біз өткеннің "Инстаграмы" деп атадық. Жергілікті ғалымдар жұмыс суреттерін осылайша бөліскен.
Ал бұл – реакторды басқару құрылғысы. Мұнда кеңестік кезеңнен қалған техникалардың біразы сақталған. Бірақ жаңартылған, олар әлі жұмыс істеп тұр.
Енді реактор туралы сөз қозғасақ. Оның негізгі міндеті – түрлі материалдарды сәулелендіру.
"Белгілі бір материалдардың арнайы радиация және нейтрон сәулелену жағдайында қалай әрекет ететінін қарастырамыз, кейін материалдар зертханада зерттеледі. Егер нәтижелі болса, онда бұл материалдар одан әрі – реакторлық техникада және медицинада қолданылады. Осылайша, ең тұрақты материалдар таңдалады. Қандай да бір тапсырысты тексеру керек болса, мысалы, қорытпа, біз оны тексереміз", – деді реакторды пайдалану қызметінің басшысы Александр Маслов.
Суреттегі ер адам – Александр. Ол – ИВГ.1М реакторының астында тұр.
Бұл реактор өткен ғасырда жасалған. Бұрын да, қазір де зерттеу үшін қолданылады. Бұл – оның жалғыз және басты міндеті. Мұндай реактор энергия өндірмейді.
"Екі мен үшке оқығандар мұнда жұмысқа орналаса алмайды. Бұл жерде баға, білім және оқуға деген ұмтылыс маңызды. Мен мамандығымды университетте 6 жылға жуық оқыдым. Тура дәрігерлер сияқты", – дейді Александр.
"Отбасым Курчатовқа көшіп келгенде мен бала едім. Анам – медицина қызметкері, ал әкем көмір шахтасында жұмыс істеген. Ал мен колледжді тәмамдаған соң университетке түстім. Мамандығым – ядролық реакторлар және электр құрылғылары. Тәжірибені осында өттім. Сосын мені осында жұмысқа алды"
"Біздің жұмысымызды және бұл тақырыптарды көпшілікке жеткізу өте маңызды, адамдар бұл қазір қауіпсіз технология екенін түсіну керек. Ядролық реакторлар өндіретін энергияға көшу өте маңызды", – деп атап өтті ол.
"Біздің жұмысымыздың қиындығы – Курчатовтан осы жерге дейін жету. Оған көп уақыт пен күш керек. Жолдың қандай жағдайда екенін өзіңіз көрдіңіз. Тағы бір маңызды мәселе – жалақы. Жас мамандар әзер келеді. Ынтасы барлар ғана қалады. Жұмысты жақсы көретіндер мен мұнда қыруар ақша үшін келмейтіндер".
Шынымен, жол адам сенгісіз жағдайда. Шамамен бір сағатқа созылуға тиіс жолға екі сағатқа жуық уақыт кетті. Жергілікті ғалымдар мен басқа да жұмысшылар апта сайын бұл төмпешіктер арқылы жүріп өтуі керек.
Радиациялық материалтану зертханасына қайта келейік.
Дәл осында ИВГ.1М реакторында тәжірибе жүргізілетін материалдардың үлгілері әкелінеді.
"Мұнда микроскопия бөлімі, физикалық-механикалық сынау бөлімі, оптикалық микроскоптар, электрон микроскоп, әмбебап сынақ аппараты... Мұнда біз сәулеленуден кейінгі үлгілердің микроқұрылымын, құрылымын және қаттылығын зерттейміз. Түрлі тапсырма келеді", – деді екінші санатты инженер Ерхат Дәулеханов бізге жұмыс орнын көрсетіп.
Ерханның мұнда жұмыс істеп жүргеніне 5 жылдан асты.
"Семейденмін. Жұмыс өте қызық, түрлі тапсырмалар бар, күнде жаңа нәрсе істейміз. Отбасымда бұл салада жұмыс істейтін алғашқымын".
Енді Курчатовқа оралып, Ұлттық ядролық орталыққа беттейік. Бұл жерде бізге атом электр станцияларындағы имитацияланған төтенше жағдайға дайындайтын EAGLE стенді қызық. Содан кейін практикалық бөлім – ИГР зерттеу реакторында сынақтан өтеді.
Станциялар салу жоспарланған елдердің түрлі тапсырыстары бойынша зерттеулер жүргізіледі. Қытайдан, Жапониядан, Ресейден тапсырыстар түседі. Енді олар Францияға арналған жобамен айналысып жатыр.
"Құрылғы реакторлардағы ауыр апаттармен бірге жүретін процестерді зерттеуге арналған. Негізінде, біз реакторда болуы мүмкін түрлі төтенше жағдайларды имитациялаймыз, оларды зерттеп, нәтижелерді тапсырыс берушіге береміз. Әрі қарай, материалтанушылар алынған материалдарды зерттеп, қорытынды жасайды. 2000-жылдан бері 60-тан аса тәжірибе жүргізілді", – деді тәжірибелерді технологиялық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Иван Коваленко.
Иван мектептен бері физикаға құмар болған. Бірақ ол апатты оқиғаларды істеймін деп мүлде ойламағанын айтады. Оның айтуынша, мұның бәрі өте қызық. Ең бастысы, барлық сынақ жақсы тәжірибеге айналады.
"Қазір басқа елдерде көптеген реактор біздің зерттеулеріміздің нәтижелеріне сүйеніп жұмыс істеп жатыр. Біздің жобаларымыз халықаралық. Біз атом саласының жаһандық дамуына ауқымды үлес қосып жатырмыз. Төтенше жағдайларды модельдеп, зерттеудің арқасында бұл апаттар болса да, қоршаған ортаға қауіп төндірмейді. Себебі зерттеу нәтижесінде ядролық шығарындылар үшін түрлі "тұзақтар" мен тосқауылдар, қорғаныс механизмдері жасалады".
Материалдың толық нұсқасын мына сілтеме арқылы оқи аласыздар!
Мәтінді дайындаған: Иван Сухоруков.
Сурет: Тұрар Қазанғапов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!