- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Артық төленген деген"....
"Артық төленген деген". Оралда мектеп мұғалімдері мемлекетке қыруар ақша қарыз болып қалды
Батыс Қазақстан облысы Серебряков ауылында мектеп мұғалімдері мен жұмысшылары бюджетке 57 миллион теңге берешек болып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, әкімшілік 73 адамға артық жалақы алдыңдар деген желеумен қомақты қаржыны мойнына іліп қойған. Кейбіреулері 3 миллион, біреулер 500 мың теңге қарыз. Ал мектеп ұжымы мұндай ақшаны алмағандарын айтып отыр.
Орыс тілі пәнінің мұғалімі Ғалия Жанабаева бюджетке 3 миллион теңге берешек екенін мамырда білген. Аудит оған екі жыл бойына артық ақша алып келген деп айып тағып отыр. 30 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз енді не істерін білмей дал.
"Мамыр айында бізге аудит шешімі деп 2 миллион 800 мың теңге үкіметке берешексіз деген хабарлама келді. Бір жалақыны аламыз ғой, артық ақша түскенін байқаған жоқпыз. Есеп қағазын сұрағанда, қолмен қағазға жазып береді ылғи бізге", - дейді ол.
Тек мұғалімдер емес, мектептегі кіші қызметкерлер де қазынаға қарыз боп шықты. Тіпті кейбірінің атынан бірнеше есепшот ашылған. Өздері бұл жайттан бейхабар. Ең сорақысы, аудит қағазында жалақы мөлшері бар да, еңбек демалысында берілген төлем көрсетілмеген.
"Неше түрлі етіп санап беріп жатыр. Менің қолымда төрт рет саналған қағаз бар. Біріншісінде 2 миллион 296 мың 372 теңге бережақ болсам, қазіргі соңғы қағазда 1 миллион 317 мың теңге деп тұр. Жоқ, мен мұнымен келіспеймін. Төлемеймін. Жалпы ұжым болып, 76 адамға қарыз салып отыр ғой. Біз келіспейміз, төлемейміз деп отырмыз", - дейді мұғалім Анаргүл Қисметова.
Серебряков мектебінде аудит 2021 жылғы қаңтар мен 2022 жылғы қараша аралығына тексеріс жүргізіп, заңбұзушылықты анықтаған. Қазір білім ордасында тәуелсіз аудит сараптама жасап жатыр. Өйткені ұжым мемлекеттік аудит қорытындысымен келіспейді. Бұрынғы бас есепші Светлана Джапарова жұмыстан шеттетілген. Ал білім басқармасындағылар мектеп қызметкерлері екі жыл бойына артық ақша алғанын, бірақ мойындамай отырғанын айтады.
"73 қызметкерге негізсіз аударылған төлемдер анықталды. Олардан өндіру керек. Бухгалтердің қателері бар. Дұрыс сомасын салмаған программаға. Қазір бұл бұзушылықтарды жасаған бухгалтер бойынша қылмыстық іс ашылды. Сот шешімін күтеміз", - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Клара Меңдіғалиева.
Аядай ғана мектепте 41 мұғалім мен 25 кіші қызметкер еңбек етеді. 225 оқушы білім алады. Экономикалық тергеу департаменті мектепке қатысты екі істі тергеп жатыр. Ал мұғалімдер жағдай өзгермейтін болса, ұжым болып сотқа жүгінуге бекініп отыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова