Ішкі істер министрлігінде артық салмағы бар қазақстандықтар да жұмыс істей алады. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомствода өткен брифингте Шыңғыс Алекешевке "Аттестация барысында артық салмағы бар полицейлер бұрынғыдай жұмыс істей бере ме?" деген сауал жолданды.
Ресми өкіл тәртіп сақшыларының физикалық дайындығы жыл сайын тексерілетінін атап өтті.
"ІІМ-де барлық лауазым физикалық дайындықтың жоғары болуын талап етпейді. Бірінші кезекте бұл талап патрульдік полицейлер мен арнайы бөлім қызметкерлеріне қойылады. Мәселені бақылауда ұстап отырмыз. Полиция қызметкерлері кем дегенде аптасына 2 рет дене шынықтырумен айналысуға міндетті. Жылдың соңында қызметкерлердің физикалық дайындығы тексеріледі. Жыл сайын қызметкерлеріміз медициналық тексеруден өтеді. Онда оларға диета және емделу бойынша кеңес беріледі. Осылайша, біз артық салмағы бар қызметкерлермен жұмыс істеп жатырмыз", - деді ол.
Шыңғыс Алекешев полицияда қызметкердің артық салмағына емес, қабілетіне баса мән берілетінін жеткізді.
"Ең алдымен полиция қызметкерлерінен зияткерлік қабілет талап етіледі. Себебі, бізде көптеген бағыт бар. Мысалы, ол (полицей) жақсы IT-маман немесе тергеуші болуы мүмкін. Сондықтан мұнда интеллектуалды қабілет керек. Олар осы профильді бағыттарда жұмыс істей алады. Керісінше, біз азаматтарды жұмысқа шақырамыз. Олар осы профильді бағыттарда жұмыс істеуге мүмкіндігі бар", - деді ресми өкіл.
Айта кетейік, бұған дейін мықты IT-мамандар полицияда жұмыс істегісі келмейтіні хабарланған еді.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз