Сенатор Алтынбек Нухұлы еліміздегі мектептерде оқуға міндетті пәндердің саны 2,5 есе көп екенін, оқушылардың шаршап жүргенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол дамыған елдердегі мектептерде артық пән жоқ екенін атап өтті.
"Білім сапасы мықты елдер саналатын Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия және Канадада 7-8 сыныпта оқушылар нақты ғылымға қатысты 4-6 пән оқиды, ал Қазақстанда 15 пән. Тіпті 9 сыныпта 16 пән оқытылады. Елімізде міндетті оқу пәндерінің саны 2,5 есе көп", - деді Алтынбек Нухұлы премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында.
Депутат көп пәннен білім сапасы артпайды деген пікірде.
"Шетелдегі мектептерде химия, биология және география сияқты пәндер біріктіріліп, ғылым пәні ретінде өте аз оқытылады. Осыған қарамастан соңғы 15 жылдағы халықаралық PISA зерттеуінің қорытындысы бойынша осы елдердегі оқушылардың жаратылыстану ғылымы бойынша сауаттылығы жоғары саналады. Бұл пәндер санынан оқыту сапасы маңызды екенін көрсетеді", - деді ол.
Алтынбек Нухұлы еліміздегі жағдай мүлдем басқаша екенін ескеріп, білім саласына өзгеріс енгізуді ұсынды.
"Қазақстанда оқушыларға тақырып бойынша шамадан тыс көлемді ақпарат беріледі, ал оқулықтардың тілі ауыр. Ал Ұлыбританияда керісінше, ақпарат көлемді емес, тақырыптар тәжірибеге бағытталып, күнделікті өмірдің жағдаяттарымен байланыстырылып оқытылады. Басқаша айтқанда, оқушының алдағы өмірінде қаншалықты маңызды екенін түсіндіруге көп көңіл бөлінеді. Орта білім саласында сапалы білім беру үшін оқушыларға заман талабына сай білім беру мазмұнын жасау керек. Орта білім беру сапасын көтерудің концепциясына өзгерістер енгізілуі керек деп есептейміз", - деді сенатор.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз