- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Арты дау-дамайға ұласуы...
"Арты дау-дамайға ұласуы мүмкін": Алмасбек Садырбаев малы суға кеткен ауыл тұрғындарының жанайқайын жеткізді
Еліміздің батыс, солтүстік өңірлерінде болып жатқан су тасқыны қазақстандықтар үшін үлкен шығын алып келді. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген "Шаңырақ" ұлттық агроқозғалысы" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алмасбек Садырбаев төтенше жағдай жарияланған аймақтарда малмен күнелткен ауыл тұрғындарының жанайқайын жеткізді. Оның айтуынша, халық Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шығынын есептеу әдіс-тәсіліне наразы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қоғам белсендісі су тасқыны болып жатқан өңірлердегі мал шығыны жөнінде пікір білдірді. Оның сөзіне сүйенсек, су тасқынының зардабын мал ұстаған шаруалар күзде тарта бастайды.
"Менің болжамым бойынша су тасқынынан 50 мыңға жуық мал қырылды. Су шайып өткен өңірлерде негізінен адам өмірі үшін арпалыс болып жатыр ғой. Дүние-мүлік, мал жағы кейінге қалып жатыр. Суға батып кеткен мал басынан бөлек суда қалып қойып, шыққандары төл тастайды. Қазір қашқан мал жазда, күзде төлдей бастайды. Сол кезде төл саны азайып, шаруалар зардабын тартады", - дейді Алмасбек Садырбаев.
Алмасбек Садырбаевтың сөзінше, су тасқынының зардабы мұнымен шектелмеуі мүмкін. Ол су шайған жердің топырағына алаңдаушылық білдірді.
"Мал мүрделерін сақтайтын орындарды да су шайды, малдарды да су шайды. Су арқылы түрлі жұқпалы ауру жанға да, малға да жұғуы мүмкін. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі ауруларды зерттеп, сынап, қажетті шараларды қабылдап жатырмыз дейді. Бұл қаншалықты сапалы орындалып жатыр? Мәселе – осыны қатаң бақылауда. Жайық тасығанда батыстағы мұнай қалдықтары көтеріліп су шайғанда топыраққа араласып кетті. Топырақ эрозияға ұшырады. Осының бәрінің зардабын тартатын боламыз", - дейді ол.
Алмасбек Садырбаев тағы бір мәселенің шешімі үкіметке оңайға соқпайтынын тілге тиек етті. Ол – суға кеткен малды түгендеуге қатысты мәселе.
"Шаруалар хабарласып жатыр. Малмен күнелткен ауылдағы ағайынның көңілінің қошы жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шығынын есептеу әдіс-тәсіліне наразы. Министрлік ИСЗ базасындағы есеп бойынша түгендейміз деп отыр. Бірақ біздің қазақ малшыларының ИСЗ базасында тіркелгені аз. Оған енгізілмеген мал саны көп. Шаруалар көбіне қолындағы мал басын әкімдіктердегі шаруашылық кітабына тізімге енгізеді. Сол шаруашылық кітабына енгізілген тізім бойынша өтемақы төленсе деп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан осы нұсқаулықпен есептейміз деп нақтыланған жауап әлі болған жоқ", - дейді ол.
Ол сондай-ақ министрліктің мал шығынын есептеуді облыстық штабтарға бекітіп жатқанын сынады.
"Біздің өңірлердің даму деңгейіне қарап айтарым – облыстар мұны шеше алатындай қауқарлы емес, мәселе дұрыс шешілмей, арты айғай-шу, дау-дамайға ұласуы мүмкін. Республикалық бюджеттен төленгені, республикалық деңгейде қадағаланғаны дұрыс деп ойлаймыз. Өңірлер өздеріндегі бюджет тапшылығы әсерінен шала-шарпы ғана өтейді, бұл шаруалардың наразылығын тудырады", - дейді қоғам белсендісі.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми дерегіне сүйенсек, бүгінгі таңда су тасқыны кезінде өлген мал саны 7000-нан асқан, 112 мың бас мал эвакуацияланған.
"Халықтан түскен өтініштерді есепке ала отырып, өлген мал туралы мәліметтер үнемі жаңартылып отырады, бүгінгі таңда 7035 бас расталды, оның басым бөлігі – ұсақ мал. Республикалық эпизоотияға қарсы отряд облыс әкімдіктерімен бірлесіп, өлген жануарларды жинау және жою жұмыстарын жалғастырып жатыр", - деп ақпарат берді министрлік өкілдері.
Сондай-ақ жауапты ведомство дерегінше, су тасқынына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штабтың хаттамасымен өлген ауыл шаруашылығы жануарларының құнын өтеу алгоритмі бекітілді.
"Су тасқыны салдарынан өлген ауыл шаруашылығы жануарларының иелері өтемақы алуға құқылы. Меншік иесін анықтау: - жануардың бірдейлендіру номерін (бирка, таңба және т.б.) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорымен салыстыру жолымен; - тіркелмеген жағдайда куәгерлерді тарта отырып, залалды өтеу жөніндегі комиссияның актісімен. Ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне өтемақы төлеу бюджет қаражатынан да, бюджеттен тыс көздерден де жүргізіледі", - делінген хабарламада.
Министрлік өкілдері өлген мал иелерi жергiлiктi жерлердегi залалды өтеу жөнiндегi комиссияға өтiнiш жасауы тиiс екенін айтты.
"Су тасқыны кезінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша қосымша сұрақтар туындаған жағдайда, 17 сәуірден бастап 9.00-ден 18.30-ға дейін АШМ жанындағы "жедел желі" (7172)573358, 87470943381 нөмірлері бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар Telegram-бот pavodki_kz_bot (тәулік бойы жұмыс істейді) іске қосылды, - дейді министрліктегілер.
Жауапты министрлік дерегінше, су тасқыны бойынша жағдай тұрақталған өңірлерде өлген ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне келтірілген залалды өтеу басталды. Атап айтқанда, Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша залал толығымен өтелген. Қостанай облысында бұл жұмыс басталып, бүгінгі таңда 268 мал басы бойынша төлем жүргізілді, басқа өтінімдер бойынша жұмыс жалғасып жатыр",- деп мәлімдеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина