“Әртіс шақыру үшін жалдау шартын жасайды“. Тойдағы ысырапшылдыққа тыйым салу дұрыс па?

“Әртіс шақыру үшін жалдау шартын жасайды“. Тойдағы ысырапшылдыққа тыйым салу дұрыс па?
Фото: Болат Айтмолда / Massaget.kz

Елімізде тойдағы ысырапшылдық тыйылмай тұр. Желіде тарайтын видеоларда салтанатты жиынға мыңға жуық қонақ шақырылғаны, оны ұйымдастыруға қанша қаражат кеткені айтылады. Қазақстанда тойға қатысты тыйым керек пе?

Massaget.kz тілшісі этнограф Болат Бопайұлынан сұрады.

Желіде тойға қатысты видео жиі тарайды. Мысалы:

1. Алматылық қалыңдық үйреншікті гүл лақтыру дәстүрін өзгерткісі келіп, тұрмыс құрмаған құрбыларына гүлдің орнына Prada сөмкесін лақтырған. Ол Prada Re-Edition 2005 сөмкесін таңдаған. Бұл аксессуардың бағасы шамамен 625 мың теңге. Ал егер қарапайым гүл алатын болса, бағасы 10 мың теңгеден басталатын еді. 

@a.togzhana

🙈

♬ оригинальный звук - a.togzhana

2. Танымал сынықшы Айнұр Асқарқызы қызы Айкөркемнің шаш алу тұсаукесер тойын дүркіретіп жасаған болатын. Тойдағы үлкен торт көптің назарын бірден өзіне аударды. Тортқа қарап оның қымбат екенін байқауға болады.

3. Алматыда белгілі кәсіпкер Мақсат 50 жасқа толғанына орай дүркіретіп той жасады. Тойда біршама өнер адамдары бой көрсетті. Той италияндық стильде өткен. Кеште лотерея билетін таратқан той иесі бас жүлде ретінде Астанадан пәтер ұсынған. Баспанадан басқа билет үшін жүлде ретінде Samsung телефондары, 10 Iphone, Дубай және Италияға жолдама, көлік бар.

4. Шымкенттегі Baiken hall мейрамханасында ең ауқымды той өткен болатын. Оған 1200 адам шақырылған, мерекеде 2 қуанышты жаңалық атап өтілген. Бірі - үйлену той болса, екіншісі - сүндет той.  

5. Танымал қазақстандық шоумен Руслан Ысқақ 500 мың долларға той ұйымдастырған. Бұл туралы ол өзінің туған күн кешінде журналист Анна Данченкоға берген сұхбатында айтты. 

"Филипп Киркоровтың өзі 100 мың еуроға шығады. Тойға Филипп Киркоров пен Валерий Меладзені шақырсаң соның өзі 180 мың еуроға шығады. 200 мың еуроға той ұйымдастырсаң, Киркоров пен Меладзенің өзіне 180 мың еуро берсең, қалған 20 мың еуро әнші, биші, күйшіге бөлінеді. Сондықтан 500 мың долларға дейін той ұйымдастырып көргенбіз деп айта аламын", - деді ол сұхбатында. 

6. Шымкентте 200 миллион теңге жұмсалған сүндет той жұртты шулатты. Сүндет тойдың кадрларын блогер Айя Әжібек әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Блогердің айтуынша, тойды оның құрбысы өткізген. Оның мәліметінше, тойға әншілердің өзі 10 миллион теңгеге шақырылған. 

7. Жақында тұрмысқа шыққан танымал актриса Фариза Ескермес үйлену тойында үш түрлі көйлек киген. Оның тойы үлкен тойханада емес, табиғат аясында, жақын достарының арасында өткен. Ал актриса үш көйлегін де отандық дизайнерлерге тіктірген екен. 

Көрші елдерде қалай?

Тәжікстан

Тәжікстан Республикасының дәстүрлерді, мерекелер мен рәсімдерді ретке келтіру туралы заңы 2007 жылы қабылданған.

Күн саны: мұнда салтанатты шараны 2 күннен артық атап өтуге болмайды.
Қонақ саны: банкетке 150, үйлену тойға 200 адамнан артық шақыруға тыйым салынған, жас-жұбайлардың ата-аналары өзара келісіммен бұл қаражатты олардың болашағына жұмсай алады.
Уақыт: қалада демалыс күндері таңғы 08:00-ден түнгі 22:00-ге дейін; жұмыс күндері кешкі 18:00-ден түнгі 22:00-ге дейін. Ауылда демалыс күндері 1 сәуірден 31 қазанға дейін таңғы 06:00-ден түнгі 22:00-ге дейін, 1 қарашадан 31 наурызға дейін таңғы 08:00-ден түнгі 22:00-ге дейін; жұмыс күндері таңғы 08:00-ден түнгі 22:00-ге дейін.
Іс-шараның ұзақтығы: 3 сағатқа дейін.
Той кортежі: 4 көлікке дейін.
Тыйым салынған: құдаласу рәсімін өткізуге, үйлерге баруға, паранджаны шешуге, жолдарды жабуға, қонақтарға киім сыйлауға.

Салтанатты шараға әртіс шақыру үшін жалдау шарты жасалуы шарт.

Өзбекстан

Өзбекстанда үйлену тойларын, отбасылық іс-шараны, қайтыс болғандарға арналған рәсімдерді және қаза тапқандарды еске алуға арналған іс-шараларды өткізу тәртібі туралы ереже 2019 жылы қабылданған.

Күн саны: мұнда салтанатты шараны 1 күннен артық атап өтуге болмайды.
Қонақ саны: банкетке 200, үйлену тойға 250 адамнан артық шақыруға тыйым салынған. 
Уақыт: кез келген күні таңғы 06:00-дан түнгі 23:00-ге дейін.
Іс-шараның ұзақтығы: рұқсат етілген уақыт шегінде.
Той кортежі: 3 көлікке дейін.
Тыйым салынған: "келин навкари", "чорлар", "ота курди", "сеп ейди", "куда чакирди", "куёв чакирди", "кели н чакирди" "тогора юбориш" секілді қосымша уақыт пен шығын қажет ететін отбасылық мерекелерге дейін, кезінде және кейін қосымша әдет-ғұрыптарға.

Жас-жұбайлар өткізілетін іс-шара туралы өзін-өзі басқару органдарын бір апта бұрын хабардар етуі шарт.

Фото: Болат Айтмолда / Massaget.kz

Мұндай шектеулер Қазақстанға үлгі бола ала ма?

Этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, көрші елдердегі бұл шектеулер Қазақстандағы ысырапты белгілі бір деңгейде азайтуға көмектескенімен, адамдар басқа жолын табуы мүмкін.

"Мысалы, Тәжікстандағыдай той өткізу уақытына, қонақ санына, дастарқан мәзіріне шектеу қою - Қазақстанда да қарастырылуы мүмкін. Бұл белгілі бір деңгейде ысырапты азайтуға көмектесер еді, бірақ бәрінен бұрын халықтың көзқарасын өзгерту маңызды" - деді ол.

Этнограф не дейді?

Этнограф Болат Бопайұлы елімізде тойдағы ысырапты заңмен шектеу - таптырмас шешім екенін алға тартты. Дегенмен ол заңның тиімділігі мәдениет пен тәрбиені де қатар қамтуы тиіс деп санайды. Өйткені тек заңға сүйенетін болсақ, халық басқа да жолын табуы мүмкін.

Сонымен қатар ол қазақтың неліктен ысырапшылдыққа құмар екенін түсіндірді.

"Ысырапшылдыққа деген құмарлықтың себебінің бірі - бәсекелестік. Қазіргі қоғамда той тек отбасылық мереке емес, мақтанудың, әлеуметтік статус көрсетудің құралына айналды", - деді ол.

Ол ежелде қазақ халқының тойларында береке, қонақжайлылық басты рөл атқарғанымен, үлкен ысырапшылдық болмағанын айтты. Қазақтың тойы қазіргідей кең көлемде өтпеген, барлық іс-шара қарапайым, бірақ салтанатты болған. Ал бұрынғы қазақтарда қарызға батып той жасау, мүлде болмаған.

"Қарызға той жасау - қазақтың ертеден келе жатқан салты емес. Көп жағдайда туысқандар мен ауылдастары көмек көрсетіп, ортақ мерекеге жұмылдырылған. Қарызға белшеден бату қазіргі заманның құбылысы", - деді ол.

Фото: Болат Айтмолда / Massaget.kz

"Қазақтың тойы бітпесін" деген сөздің астары қандай?

"Бұл сөздің мағынасы тереңде жатыр. Қазақтың тойы - берекенің, бірліктің, ұрпақ жалғастығының символы. Яғни той тоқтамауы керек, себебі той - өмірдің жалғасы, ұлттың өміршеңдігінің белгісі", - деп түсіндірді ол.

Болат Бопайұлы заманауи тойды ықшамдаудың жолын ұсынды.

"Заманауи тойды ықшамдау үшін:

Екі жақ бірігіп, бір ғана той ұйымдастырған дұрыс.
Құдалық, есік ашу секілді дастарқанға қатысты шығындарды азайтуға болады.
Тойдың орнына жастарға үй алып беру дұрыс шешім болар еді. Бұл тек материалдық көмек емес, отбасылық өмірді нығайтуға мүмкіндік береді.
Дегенмен ұлттық құндылықтарды сақтап қалу үшін тойды толықтай тастау емес, оның мағынасын қайта қарастыру маңызды", - деп қорытындылады ол.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә