"АрселорМиттал Теміртауға" қатысты келіссөздер аяқталды

Қанат Шарлапаев "АрселорМиттал Теміртауға" қатысты келіссөздер аяқталғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шарлапаевтың сөзінше, ол бірнеше сағат бұрын Лондоннан ұшып келген. Ол елде "АрселорМиттал Теміртауға" қатысты келіссөздер жүргізілген. Қазақстандық Мемлекеттік тікелей инвестициялар қоры ArcelorMittal Temirtau JSC және ArcelorMittal Tubular Products Aktau JSC металлургиялық кәсіпорындарының барлық акцияларын сатып алады.

Кәсіпорындарда ребрендинг болады және жаңа атау алады. ArcelorMittal бұл активтерге 1995 жылдан бері иелік етіп келеді.

Мәміле құны 286 миллион доллар.

"Жалпы 11 раунд келіссөз жүргізілді. Бұл өте ауқымды келіссөз. Екі актив құны - 286 миллион доллар болды. Біз республикалық бюджеттен қаражат жұмсамадық. Жаңа инвестор барлық міндеттемелерді өз мойнына алады", - дейді Қанат Шарлапаев. 

Биылғы тамыз айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-да орын алған апат кезінде компанияның инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзғаны туралы айтты. Сол кезде Мемлекет басшысы АМТ-мен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бергенін министр атап өтті.

Бұл уақытта Қазақстан Үкіметі "АрселорМиттал Теміртау" иелерімен ArcelorMittal компаниясын металлургиялық комбинат құрамынан шығару мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізіліп жатқан.

Келіссөздер 2022 жылдың 3 қарашасында АМТ-ның еншілес кәсіпорны - Ленин атындағы шахтада болған қайғылы апаттан кейін басталды.

Қазақстан Үкіметі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына нақты талаптар қойды.

Келіссөздер нәтижесінде 2022 жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан Үкіметі мен ArcelorMittal арасында қазақстандық тарапқа кәсіпорынды бағалау және аудит жүргізуге мүмкіндік беретін "Standstill Agreement" келісіміне қол қойылды.

Министр Шарлапаев келіссөздер барысында ArcelorMittal $3,5 млрд сұрағанын, бұл халықаралық консультанттардың есебіне сәйкес келмейтінін атап өтті.

"Бұл келіссөздер үдерісінің ұзаққа созылуының басты себептерінің бірі болды. Біздің мақсатымыз – қымбат және ұзаққа созылатын халықаралық сот процестеріне жол бермей, комбинатты әділ бағамен сатып алу болды. Кәсіпорынның тоқтап қалмауы үшін келіссөздерді жедел әрі жылдам жүргізудің қажеттілігі туындады", - деді Қанат Шарлапаев.

Ол сондай-ақ жасалған мәміленің үш негізгі элементін жариялады:

  • Мемлекет активтер құнын $3,5 млрд-тан $286 млн-ға дейін төмендетті;
  • Мәмілені жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен бір де бір теңге жұмсалған жоқ;

Жаңа инвестор ArcelorMittal бас компаниясының алдында 4 жыл ішінде $250 млн сомасындағы қысқа мерзімді несиені және $450 млн ұзақ мерзімді несиені өтеу бойынша міндеттеме алады.

"$286 млн - бұл толық жұмыс істеп тұрған екі кәсіпорынның құны екенін ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар ArcelorMittal Қазақстан Үкіметіне ешқандай талап қоймайды. Келісім халықаралық құқық нормаларын толық сақтай отырып, құқықтық негізде жасалды", - деді Қанат Шарлапаев.

Оның үстіне өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен ҚР Әділет министрлігі өкілдерінен құралған қазақстандық келіссөздер тобы ArcelorMittal компаниясын "Қазақстан халқына" қайырымдылық қорын қолдау үшін 16 млрд теңге көлемінде жарна жасауға көндірді.

АМТ-дан қорға түсетін қаражат Қарағанды облысы тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге және әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.

Сондай-ақ бұл соманың 50 пайызы Теміртау қаласына жұмсалады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!