- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "АрселорМиттал Теміртаудағы" апат:...
"АрселорМиттал Теміртаудағы" апат: жарақат алғандар туралы жаңа дерек шықты
Ленин атындағы шахтада қаза болған бес кеншінің денесі бүгін жер қойнына тапсырылады. Жерлеу рәсімінің шығынын "Арселор Миттал Теміртау" компаниясы көтереді, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.
Апатта жарақат алған төрт адамның екеуіне ота жасалды. Барлығының жағдайы тұрақты ауыр күйде.
"Алдыңғы екі науқас токсикология бөлімінде. Газбен уланған диагнозбен түсті. Екі науқас одан кейін бас жарақатымен түсті. Екеуіне де ота жасалды, екі ота да сәтті өтті. Декомпресиямен сынған сүйектері миынан алынып, қанын тоқтаттық, қазір науқастардың жағдайы қалыпты. Есі кірді", - деді нейрохирург Ғабит Махамбаев.
Қаза болған кеншілердің туыстары марқұмдардың денесін кеше мәйітханадан алып кетті.
Жер астындағы жарылыстан кейін "Арселор Миталл" компаниясына қарасты барлық шахта бір тәулікке жұмысын тоқтатты. Кеше жеті кен орны қазу жұмысына қайта кірісті. Ал апат болған Ленин шахтасы кемінде 10 күн жұмыс істемейді. Арнайы комиссия осы уақыт ішінде бір шешімге келуі керек.
"Негізінде елімізде тергеу аяқталған соң, біздің қазақстандық мамандар кінәлі болып шыға келеді. Бұл жағдайды түбегейлі өзгерту керек. Көмір және метталургиялық департаменттерге барған сапарымда осыған көзім жетті. Ал компания басшылығында отырғандардың басым бөлігі - шетел азаматы. Бізде заң нормалары бар. Бірақ ең бастысы, сол заңдардың орындалғаны керек", - Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанова.
Еске салайық, 3 қарашада Қарағанды облысының Шахтинск қаласында "АрселорМиттал Теміртау" шахталарының бірінде газ шықты. Салдарынан 5 жұмысшы қаза тапты. Ақпаратты ТЖМ ресми өкілі Руслан Иманқұлов растады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек