Депутаттар "АрселорМиттал Теміртау" АҚ басшылығын қылмыстық жауапқа тартуды талап етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров пен Құдайберген Бексұлтанов "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасындағы апатқа қатысты бірлескен мәлімдеме жасады.
Олардың айтуынша, көмір шахталарындағы жабдықтардың жай-күйі, сондай-ақ өндірісте еңбек ететін жұмысшылардың бей-берекет қысқартылуы осындай қайғылы оқиғаның орын алуына себеп болды.
"Бұған дейін Amanat партиясының депутаттары қаражат үнемдеп, отандастарымыздың өліміне әкеп соқтырарлық шешім қабылдайтын компанияның топ-менеджментін – шетелдік азаматтарын қылмыстық жауапқа тартуды талап еткен еді. Бірнеше ескертуге қарамастан, трансұлттық компанияның басшысы, Миттал мырза отандастарымыз апатқа ұшырамауы, жарақаттанбауы және қаза таппауы үшін тиісті шара қабылдауға мүлдем тырыспады. Біз бұл сөзімізді Үкіметке қарата айтып отырмыз: есеп айырысатын кез келді – Миттал мырзамен жолымыз бір емес! Онымен қоштасатын уақыт келді!", - делінеді мәлімдемеде.
Депутаттар Бас прокурорға жүгініп, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ басшылығын жауапқа тартуды талап етті.
"Миттал үшін отандастарымыз жай ғана шығын материалы іспетті. Қынжылмай құтыла салады. Бізге мұндай инвестордың керегі жоқ", - деді депутат Снежанна Имашева.
Мәжілісмен Никита Шаталов Лакшми Миттал кейінгі жылдары орын алған барлық қайғылы оқиғадан қорытынды шығармағанын, ал компания менеджменті үшін отандастарымыздың қазаға ұшырап жатқаны және олардың денсаулығына ұдайы қауіп төніп тұрғаны маңызды мәселе емес екенін атап өтті.
"Біз көмір өндіру және байыту, болат балқыту технологиясын дамытудың ондаған жылын жоғалттық. Ол аз болғандай, осы нысандарда отандастарымыздан айырылып қалып жатырмыз. Бұдан арылудың бір ғана жолы бар – мемлекет Митталдың компаниясын елден шығарып, Қазақстанның жер қойнауы мен отандық өнеркәсіпті пайдалануы туралы онымен жасалған барлық келісімді бұзуы керек. Бұдан былай мұндай сорақылыққа неге төзе беруіміз керек екенін түсінбеймін. "Арселор" отандастарымыздың өлімімен байып отыр", - деді депутат.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!