Мемлекет басшысының өкімімен Саят Исанов Қазақстан Қарулы Күштері Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстанда Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы Президенттің жарлығымен 2022 жылғы қаңтарда құрылды.
2024 жылғы қаңтардан 2026 жылғы қазанға дейін Қазақстанның Арнайы операциялар күштерін Айдос Мырзахметов басқарды. 27 қыркүйекте ол қорғаныс министрі болып тағайындалды. Айдос Мырзахметов бұл қызметте Мемлекет басшысы лауазымынан босатқан Дәурен Қосановтың орнына келді.
3 қазанда Тоқаев Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы Қаныш Әбубәкіровті, қорғаныс министрінің орынбасары Алмаз Жұмакеевті және Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбековті қызметінен босатты.
Кейін Қанат Ниязбеков Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына қатысты қылмыстық іс аясында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұған дейін оның бірінші орынбасары да тергеуге алынған болатын.
Бір күн бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз тапсырмасымен құрылған Қорғаныс министрлігінің жұмысын жан-жақты тексеру жөніндегі комиссия мүшелерімен кеңес өткізді.
Тексерудің алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша қорғаныс ведомствосына қарасты ұйымдар мен әскери бөлімдерде мемлекеттік мүлікті жымқыруы мүмкін деген күдік, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану және өзге де заңбұзушылықтар бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар, әскери тәртіпті сақтау мен құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында кемшіліктер анықталды. Әскерилер арасындағы жарғыға қайшы қарым-қатынас пен әскери қызметшілерге күш көрсету деректері де тіркелді. Бұл оқиғалар бойынша да қылмыстық істер қозғалды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!