Арнайы операция: Қазақстанда 76 шетел азаматы ұсталды

Биыл төрт айда есірткі қылмысы үшін 76 шетел азаматы ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ІІМ мәліметінше, олардың 23-і есірткі сатқаны үшін, үшеуі аса ірі көлемде есірткі сақтағаны үшін, 29-ы контрабанда үшін ұсталған. Сондай-ақ, есірткі өсіру, жарнамалау дерегі анықталған.

"Халықаралық ынтымақтастық аясында шет мемлекеттердің бірінде іздеуде жүрген шетел азаматы ұсталды. Ол Қарағанды қаласында синтетикалық есірткі өндіру жұмысын қашықтан ұйымдастырған. Астанада жалдамалы пәтерде Еуропа елдерінің бірінің 32 жастағы азаматы құрықталды. Ол есірткі жасырумен айналысқан. Одан 1,5 келі синтетикалық есірткі және каннабис түріндегі есірткі тәркіленді. Алматы қаласында Шығыс Еуропа елдерінің бірінің 44 жастағы азаматы ұсталып, одан 1,2 келі A-PVP атты синтетикалық есірткі тәркіленді. Ақтау қаласында көрші мемлекеттердің бірінің 21 жастағы азаматы ұсталды. Күдікті есірткіні жасыру әдісімен таратқан. 30 грамм мефедрон айналымға жіберілмеді", - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!