- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Арнайы коктейль ішіп,...
Арнайы коктейль ішіп, бауырды үш күнде тазартуға болатыны рас па? Тексердік
Әлеуметтік желі қолданушылары үш күнде бауырды тазартуға көмектесетін коктейль рецептін бөлісіп жатыр. Шындығында, мұндай сусын көмектеспейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Ең бастысы, интернет-кеңесшілер жиі айтатын "бауырды тазарту" жолы - бұл миф. Шындығында, оны өт ұйығыштарынан басқа ештеңеден тазартудың қажеті жоқ. Ал оның бар-жоғын, оларды ағзадан шығару әдістерін де дәрігер талдаулар мен зерттеулердің нәтижелері бойынша анықтайды.
Енді ұсынылған коктейльдің құрамын талдап көрейік.
Бірінші ингредиент - қызылша. Бұл тамыр көкөнісі шынымен де өте пайдалы. Мысалы, АҚШ Ұлттық медицина кітапханасының сайтында қызылша мен оның шырынының ағзаға әсерін зерттеуге арналған мыңнан аса еңбек бар.
Оның көбі физикалық жүктеме түсетін марафондар мен жарыстардан кейін спортшыларды қалпына келтіру барысындағы қызылша шырынының оң әсеріне арналған.
Қызылшаның бауырға әсері тек зертханалық егеуқұйрықтарда ғана тексерілген. Ғалымдардың айтуынша, қызылша шырыны бауырды кейбір зақымданудан қорғай алады. Алайда зерттеулерде ағзаны "тазартатыны" туралы айтылмайды.
Тағы бір компонент - балдыркөк, оның да бауырды тазарту қасиеті жоқ. АҚШ Ұлттық медицина кітапханасының сайтында "балдыркөк" және "бауыр" (celery, liver - ағылш.) кілт сөздерін іздегенде көктің бауырды емдеу қабілетін растайтын ақпарат шыққан жоқ.
Коктейльдің тағы бір компоненті - лимон. Жалпы, лимон ағзаға өте пайдалы, бірақ ол да бауырды "тазартпайды". Лимон шырыны бауырды алкоголь ішуден болатын зақымданудан белгілі бір дәрежеде қорғай алатыны дәлелденген. Алайда өт ұйығыштарын шығармайды.
Қорыта айтқанда, таралған рецепт бойынша дайындалған коктейль пайдалы болғанымен, хабарламада айтылғандай, "үш күнде бауырды тазарта" алмайды. Сонымен қатар, бауырды түрлі тағамдармен, тұнбалармен және биологиялық белсенді қоспалармен тазарту идеясы - дәлелді медицинамен расталмаған миф.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек