Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Арнайы Халыққа қызмет көрсету орталықтарға қатысты тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Антикоррупциялық қызмет Астана бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ мамандандырылған бөлімінің қызметкерлері мен азаматтық тұлғалар қатарынан ұйымдастырылған топқа қатысты соталды тергеп-тексеруді аяқтады.
Қылмыстық іс "Web-Модуль" және "ИИС ЦОН" ақпараттық жүйелерінде көлік құралдары туралы мәліметтерді заңсыз енгізу және жою, мәмілелердің жазбаша нысандарын қолдан жасау деректері бойынша тергелді.
Қылмыстық топ 2022 жылғы қаңтар-мамыр аралығында заңнамада қарастырылған алымдар мен төлемдерді төлеместен шетелден әкелінген 475 автокөлікті заңсыз тіркеді.
Осыған байланысты мемлекетке аса ірі көлемде 1,4 миллиард теңге залал келтірілді.
Барлығы 30 адам қылмыс жасады деген күдікке ілінді. Олардың қатарында Астана бойынша №2 Арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы, 4 полиция қызметкері мен автокөліктерді заңсыз рәсімдеу бойынша өз қызметтерін ұсынған делдалдар бар.
Қазір қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр.
Сонымен бірге, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік Кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Антикоррупциялық қызмет азаматтарды көліктерді тіркеу кезінде делдалдардың қызметіне жүгінбеуге шақырады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!