- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қайтарылған активтерді сату туралы
Арнаулы мемлекеттік қорға қанша қаржы түсті?
Қазақстанға осы уақытқа дейін 2 млрд 300 млн доллар заңсыз актив қайтарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қайтарылған активтерді сату үшін 5-ші аукцион 22 және 26 қарашаға жоспарланған. Оған құны - 1 млрд 832 млн теңге болатын бір жер учаскесі, 9 - коммерциялық жылжымайтын мүлік, 2 - тұрғын емес үй-жай, 18 - зергерлік бұйым, сағат және кәдесый бұйымдары қойылған.
Коммерциялық жылжымайтын мүлік ішінде Астана қаласындағы боулинг клубы бар "Думан" қонақ үй кешені де бар. Оның саудадағы бастапқы құны - 13 млрд 779 млн теңге.
Аталған нысанды 2014 жылдың 14 тамызында "ҚазМұнайГаз-Сервис" ЖШС "Думан" қонақ үй кешенін "Армания" ЖШС-не тікелей сату туралы корпоративтік шешім қабылдаған. Сатып алу-сату шарты кезіндегі қонақ үйдің құны - 4,3 млрд теңге болған.
Келесі кезекте бағалы зергерлік бұйымдардың ішінде ең құндысы - шектеулі сериядағы "Ulysse Nardin classic 789-80" немесе "Шыңғысхан" қол сағаты. Циферблатында авентуриннен жасалған пішіндері бар 18 каратты алтыннан қолмен жасалған. Бастапқы құны – 214,4 млн теңге деп бағаланып отыр. Ашық деректерде, бұл сағаттың құны 330 млн теңге деп бағаланған. Айта кетерлігі, Шыңғысхан бейнеленген сағаттың 30 данасы бар.
4 рет өткен аукционнан қанша қаражат жиналды?
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы ондағы жылжымайтын мүлік пен бағалы заттарды аукцион арқылы сатылымға шығарумен айналысады. Аталған компания жұмысын бастағалы бері бұған дейін 4 аукцион өткізген.
Айта кетерлігі, аукциондарда активтерді сатудан түскен қаражат Арнаулы мемлекеттік қорға аударылады. Одан кейін қорға түскен сома түрлі мемлекеттік жобаларға жұмсалады. Қазіргі уақытта Арнаулы мемлекеттік қорға 6 жарым млрд теңге аударылған. Бұған қоса, Алматыдағы "Орион" бизнес-орталығын сатудан түскен 6,3 млрд теңге көлемінде қаражат жуық арада аталған қорға аударылады деп жоспарланып отыр.
Компанияның саудасы жүріп тұр
Компанияның баспасөз қызметі берген ақпаратқа сенсек, сатылған активтердің ішінде Алматы қаласының Байтақ шағын ауданындағы жер учаскесі аукционға шыққан кездегі бастапқы бағасы 176 млн теңге болған. Сауда кезінде актив құны қымбаттап 657 млн теңгеге сатылды. Яғни, бастапқы құнынан төрт есе артық бағаға саудаланып отыр.
Байтақ шағын ауданындағы жер учаскесі
Сауда-саттық кезінде аукцион арқылы Алматыдағы Байтұрсынов көшесі, 46-үй бойынша әкімшілік ғимарат та сатылған болатын. Оның бастапқы бағасы 663 млн теңге болды, ал сатудың қорытынды құны 732 млн теңгеге жетті. Астанада, Қараөткел шағын ауданында тұрғын үй электрондық сауда-саттық арқылы 473 млн теңгеге сатылған болатын.
Байтұрсынов көшесі, 46-үй бойынша әкімшілік ғимарат
Сатылымы жағынан құны жоғары объект ретінде "Орион" бизнес-орталығының әкімшілік ғимаратын атауға болады. Алматы қаласының Медеу ауданында орналасқан құрылысы аяқталмаған жер учаскесі бастапқы бағасы 6,3 млрд теңгеге саудаланған. Осы ретте, Қайтарылған активтерді басқару компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, сатылымға шыққан активтер ашық электрондық сауда-саттық арқылы жүзеге асырылды.
«Орион» бизнес-орталығы
«Аукцион барысында активтердің бағасын бастапқы бағамен салыстырғанда едәуір көтеруге мүмкіндік туды», - дейді баспасөз қызметі.
Түскен қаржы қайда кетті?
Қайтарылған активтерді басқарудың ашық болуын Қаржы министрі қадағалайды. Аталған құзырлы орган активтерді басқаруды оңтайландыру, тәуекелдерді азайту және Арнаулы мемлекеттік қорға түсімдерді арттыру үшін арнайы бұйрыққа қол қойды.
Голланд аукционынан бас тарту себебі неде?
Алдымен сауда-саттық әдістерін кеңейту үшін коммерциялық конкурс енгізілген. Сол арқылы активтерді дәл бағалау көзделіп отыр. Осы мақсатта компания алдағы уақытта голланд аукционынан түбегейлі бас тартпақ. Оның шарты бойынша алдымен сатылымға қойылған зат немесе мүліктің ең жоғары бағасы жарияланады. Содан кейін сатып алушының өтінімі бойынша баға төмендей береді. Қазір компания бұл тәсілден бас тартқалы отыр.
Бұған қоса, бастапқы сауда-саттықта сатып алушылар болмаған кезде қатысушылар 30%-ға дейін жеңілдік алады.
"Бұл өзгерістер активтерді тиімді басқару және қорға түсетін түсімдерді ұлғайту үшін білікті инвестор тартады", -деп санайды Қайтарылған активтерді басқару компаниясы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
E. Aitkazina