Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Turkistan газетіне берген көлемді сұхбаты жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Елдің қорғаныс қабілеті айрықша маңызды екенін бәріміз білеміз. Бірақ сарбаздардың өліміне қатысты оқиғалар әскери қызметтің беделін, Қарулы Күштеріміздің абыройын түсіріп жатыр. Сіз армиядағы ахуалды қалай бағалар едіңіз?" деген сұрақ қойылған.
"Мен әскери борышын өтеуге шақырылған сарбаздардың жарақат алуы мен қаза болуына қатысты оқиғаларды өркениетті елге жат, теріс үрдіс деп санаймын. Бейбіт заманда мұндай жайттар болмауға тиіс. Бұл туралы барлық күштік құрылым басшыларымен жуырда өткен кеңесте де айттым. Қорғаныс саласына жауапты мекеменің басшылығын тәрбие жұмысын дұрыс қадағаламай отырғаны үшін сынға алдым. Армия жастарға қолдау көрсетіп, оларды еліміздің нағыз азаматы ретінде тәрбиелеп шығаруы керек. Командирлер әскери қызметшілерге үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ, ондай жайттарға жол берілмейді. Мұның бәрін өзім жеке қадағалап отырамын", - деді Тоқаев.
Президент ахуалды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдау жөнінде бұйрық берген.
"Дегенмен қайғылы оқиғалар әскери бөлімшелердің бәрінде болып жатпағанын атап өткен жөн. Тексеріс жұмыстары жалпы әскердегі тәртіп қатаң сақталатынын көрсетті. Танымалдыққа ұмтылған кейбір блогерлер әскердегі шынайы ахуалға мүлдем жанаспайтын сөз таратып жүр. Олар армияны сарбаздар күн сайын дерлік қылмыскерлердің құрбанына айналып, қаза табатын жер ретінде көрсеткісі келеді. Шын мәнінде, сарбаз болу – өзіңді дамыту үшін тың мүмкіндіктерге ие болу деген сөз. Әскери борышын өтеп қайтқан жастар жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін оқи алады. Олар әскерде жүргенде сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді. Келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметшілер мен офицерлер әлеуметтік жағынан барынша қорғалған. Армияда темірдей тәртіп болуға тиіс. Сарбаздар ант бергенде айтатын "Әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын табандылықпен көтеремін" деген сөзден әскери өмірдің қатаңдығын айқын аңғаруға болады", - деді Мемлекет басшысы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова