"Арманын орындадым". Желіде 100 жастағы әжесімен видео түсіріп танылған стилистпен сұхбат

"Арманын орындадым". Желіде 100 жастағы әжесімен видео түсіріп танылған стилистпен сұхбат
Фото: Жеке мұрағатынан

Стилист жеңіл кәсіп көрінгенімен, адамның ішкі жан дүниесімен қатар сыртқы сұлулығымен жұмыс істейтін маман. Қазіргі таңда стилистпен жеке жұмыс істеу, өз ерекшелігіңді табу сәнге айналды. Осы орайда  Massaget.kz оқырмандарына стилист Айжібек Бекболатқызы биыл трендтегі түстерді көрсетіп, әдемі киінудің өзіндік ережелерін айтып берді.

"Сауатты білім беретін орталық жоқ"

31 жастағы Айжібек үлкен әулеттің келіні, екі баланың анасы. Өз ісін сүйіп жасайтын маман бұл саланы орыс мамандардан меңгерген.

"Қазір стилистиканы оқытатын курстар көп ашылып жатыр. Олардың көпшілігі орыс тілінде өткізеді. Қазақ тілінде сауатты білім беретін орталық жоқ десек те болады. Өзім 2020 жылы карантин кезінен бастап, осы салаға қызығып оқи бастадым. Орыстың Лена Червова , Карина Шерер деген стилисттерінен сабақ алдым. Ал жалпы өзім күнделікті өмірде баратын жерге сай киінуге тырысамын. Стилім романтик-драма бағытында болғандықтан, ерекшеленіп жарқырап тұрғанды ұнатамын", - деді ол.

Оның айтуынша, алғашқы клиенттің пікірі оның бұл жұмысты әрі қарай жалғастыруына себепші болған.

"Ең алғаш клиент қабылдағаным есімде. Жасы менімен шамалас әдемі қыз тойға образ жасағысы келді. Екеуміз ірі ойын-сауық орталығына барып, образ құрастырдық. Алдымен оның фигура ерекшелігін анықтадым, үйлесетін түстерді таптым. Ерекше болу үшін сол кездегі трендтерді де образға қостым. Кейін клиентім тойда жақсы пікірлер естігенін қуанып айтып, алғысын жаудырды. Бұл ісімді әрі қарай жалғастыруға керемет шабыт берді", - деді стилист.

"100 жастағы әжемнің арманын орындадық"

Айжібек әлеуметтік желіде 100 жастағы Жамария әжесімен жиі видео түсіреді. Немере келіні мен ғасыр жасаған әженің бейнежазбасы көпшіліктің көңілінен шықты.

"Әжем бағдарламаларға қатысқысы келетінін, өзінің жастарға айтары бар екенін айтты. Себебі, бала кезден көгілдір экраннан шығу арманы екен. Содан әлеуметтік желіні шулатқандарды қонаққа шақыратын бағдарламалар есіме түсті. Бірден әжеме "ерекше образда киініп, билеп видео түсірсек, оқырмандарым қолдап, көп қаралым жинаса, сізді шақырып қалуы мүмкін" деп ой тастадым. Әжем бірден келісті. Солай әжемнің арманын орындадық",- деді ол.

Оның айтуынша, алда видеоконтент түсіруге идея көп.

"Бәрі әженің көңіл күйіне байланысты болып тұр. Әже келіссе, идея көп. Бірақ жасы үлкен кісі болғандықтан тез шаршап қалады. Сол үшін де көп мазаламаймын", - деді ол.

"Киімдеріме өзім өзгеріс енгіземін"

Айжібектің 100 жастағы әжесі Хапан Жәмария Астана қаласында тұрады. Ол кішкентай шөбересімен бірге әңгімелесіп, ойнағанды жақсы көреді.

@aizhibek.bekbolat Түсіріп болғанша біраз күлдік? Бәрімізге әжеміздің жасын берсін ? Әженің арманы : Теледидарға шыққысы келеді . Жастарға айтары бар. Қолдап , таратып жіберіңіздер ❤️ Ғасыр әже - жаңа образда ? #стилист , #қазақстиль #гламурнаякошка ♬ оригинальный звук - Айжібек Бекболатқызы

"Таңертең аш қарынға ыстық қайнаған суға бал салып ішемін. Далаға таза ауаға шығып келемін. Шай ішіп, жұмсақ нанға сары май жағып жеймін. Ыстық құймақ, шелпек жегенді ұнатамын. Бөлмеде дұғаларды оқып, көңіл-күйім жақсы болса, киімдеріме өзім өзгеріс енгізіп, кесіп-пішемін, тігемін. Түскі асқа ыстық сорпа, қолдан кеспе көже ішкенді жақсы көремін. Көп ұйықтаймын. Кешкі асқа күріш қосылған сорпа, сүт ішіп ұйықтаймын",- деді ол.

Әженің жолдасы математика мұғалімі болған.

"Екеуміз бір жатақханада тұрдық. Ол маған есептерімді шығарып беріп, көмектесіп жүрді. Сол кезде  ұнатып қалдым. Қазір бала-келін, немере-шөберелерім бар. Бос уақытымда өзіме күтім жасағанды жақсы көремін. Шашыма күтім жасаймын. Құнарлы май жағып, бетіме қол-аяғыма түрлі жақпа майлар жағамын. Көзіме жаттығу жасайды. Ағайын-туысқа, балаларыма хабарласып әңгімелесемін",- деді ол

"Әр адамда базалық киім болуы керек"

Стилист кез келген адамда базалық киім болуы тиіс екенін атап өтті.

@aizhibek.bekbolat

Өзара сәтті үйлесетін түстер үйлесімі➡️

♬ оригинальный звук - Айжібек Бекболатқызы

"Бірақ әркімнің базалық киімі әртүрлі, бет пішініне сай киіну бағыты да әртүрлі болады. Мәселен, жұмыс жасайсыз ба, декреттік демалыстағы анасыз ба, өмір образыңызға тікелей байланысты болады. Жалпы базалық киім ретінде классикалық ақ жейде, базалық түстегі футболка, джинсы шалбар, классикалық шалбар, юбка, спорттық шалбар, худи, свитшот, кардиган, жакет, көйлек, кеды, классикалық аяқ киім, туфли,т.б. осылай тізімді жалғастыруға болады", - деді ол.

Сондай-ақ, ол трендтегі түстер туралы да атап өтті. 

"Биыл қызыл, қоңыр, күлгін, хаки неон түстер трендте болады. Сондай-ақ, көлемді және иықты айқындап көрсететін, кең пішімді жемпірлер, бахромалар, үлкен сөмкелер, офистік, анималистика, теріден жасалған киімдер, гигантский аксессуарлар мен метал түстер сәнге енді",- деді Айжамал.

Сәнді киіну үшін не істеу керек?

Стилист маман сәнді және әдемі киіну үшін бірнеше лайфхакты айтты.

@aizhibek.bekbolat

♬ Blue Moon - Muspace Lofi

"Алдымен өзімізге назар аударамыз. Бет терісінің түсі, фигура ерекшелігіміз, мойынның орналасуы, иық, кеуде, жамбас, аяқтың ұзын-қысқа , қисық түзу болуы және бой ұзындығы, жас, салмақ деген сияқты дене бітімінің әрбір бөлшегін ескеріп, соған сай киімнің пішімі таңдалады. Екіншіден, матаның құрамы, сапасы өте маңызды. Мата сапалы , қалың емес бірақ қатты, формасын ұстайтын, дене бітімінің кем-кетігін әдемі жасыратын болуы тиіс", - деді ол.

Оның айтуынша, сырт киім таңдаудың да өз ережесі бар.

"Атап айтқанда, біріншіден артық деталь болмау керек. Екіншіден, мата құрамы қалыңдығы, сапалы болуы керек. Үшіншіден, пішімі, иық кеңдігі, ұзындығы сіздің фигура ерекшелігіңізге сай болу керек", - деді стилист. 

Адамдар киім таңдауда қандай қателік жібереді?

Оның айтуынша, көпшілігі киім алған кезде ережелерді ескермегендіктен бірнеше мәселеге тап болған.

"Маған 25-45 жас аралығындағы клиенттер көп жолығады. Олар "киім көп, киетін киім жоқ" деп фигура ерекшелігіне сай киім алуды, стилдік бағытын білмегендіктен кеңесіме жүгінеді. Осының әсерінен әркімге еліктеушілік, өзіне жараспайтын бір реттік киімдермен гардеробты толтыру, киім алғанда гардеробтағы киімдерді ескермеу мәселелері туындайды" - деді ол. 

Стилист аудиторияға қазақша түсіндіретін стилист керек екенін айтты.

"Қазақтілді сауатты стилисттер көбейсе қуанамын Себебі қазақ тілінде ақпарат өте аз және ең көп сұранысқа ие мамандық екенін айтқым келеді. Әрбір өсемін дейтін қыз -келіншек ер-азамат - сіздің болашақ клиентіңіз. Сондай-ақ, бір орында тоқтап қалмай үнемі дамып, қазақ қыздарына тән дәстүрден аттап кетпей әдемі үйлесімді киінуді дәріптесе екен деймін", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін "Мұғалім олпы-солпы киінбеуі керек". Стилисттің педагогтерге кеңесі жарияланған болатын.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы