- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Арманымдағы Қазақстан" байқауының...
"Арманымдағы Қазақстан" байқауының жеңімпаздары анықталды
"Арманымдағы Қазақстан" футуристік шығармашылық байқауы аяқталды. Ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы жеңімпаздарды марапаттады.
Байқауды ERG қолдауымен Alash Media Group холдингі ұйымдастырды. Жарыс қатысушылары өз Отанын 20, 50 және 100 жылдан кейін қалай елестететінін көрсететін туындыларын ұсынды.
Суреттер artdream.kz сайтында 18 маусым мен 30 шілде аралығында қабылданды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен 200-ден астам жұмыс келіп түсті. Үздік 38 жұмыс жоба сайтында ілінді. Байқауға бүлдіршіндердің де жұмысы келіп түскендіктен, жоба ұйымдастырушылары олардың да жұмыстарын қабылдауды ұйғарды. Барлығы алты баланың жұмысы қабылданды, ең кіші қатысушы 12 жаста.
Жұмыстар екі аталым бойынша қабылданды - цифрлық және бейнелеу өнері.
"Цифрлық бейнелеу өнері" аталымы бойынша жеңімпаздар:
1. Станислав Анастасьев, Алматы қаласы, "Прекрасное далеко";
2. Данияр Қдыров, Алматы қаласы, "Весна в Нур-Султане";
3. Талғат Серіков, Нұр-Сұлтан қаласы, "Qazaqstan 2119 Heritage City".
48 жастағы дизайнер әрі сәулетші Станислав Анастасьевтің көркемсуретпен айналыса бастағанына көп болмаған. Бұл оның өнер сайысына алғаш қатысуы. Суретші үшін бірінші орын иегері болу үлкен тосынсый болған.
"Байқауға қатысушылар көп болғандықтан мен жеңіске жетемін деп ойлағаным жоқ. Менің жұмысым жоғары бағаланғаны үшін ризамын. Мен туған даланың, таулардың бейнесін, жоғары технологиялардың дамуы мен біз өмір сүріп жатқан қоғамды көрсеткім келді. Себебі барлығы адамдар үшін жасалған ғой. Осы бағытта жұмысты жалғастыруға ниет бар", - деді Станислав.
Станислав Анастасьев. Фото Tengrinews.kz
"Бейнелеу өнері" аталымы бойынша жеңімпаздар:
1. София Сон, Алматы қаласы, 12 жаста, "Страна моей мечты";
2. Людмила Лопатина, Павлодар қаласы, 17 жаста, "Отголосок неизведанного";
3. Лейла Көбегенова, Алматы қаласы, 19 жаста, "Рассвет в завтра".
Байқаудың ең жас қатысушысы 12 жастағы София Сон сурет салумен үш жасынан бері айналысады. Бес жасынан бастап өнер мектебіне барған. Оның жинағында ондаған картина бар.
София Сон. Фото Tengrinews.kz
"Мен Қазақстанның жарқын болашағын суреттегім келді. Көпір ұрпақтар мен дәстүрлердің байланысын білдіреді, алма - Алматының символы, ғарыш ғимараттары - жоғары технология. Менің жұмысым бәріне ұнағанына қуаныштымын", - дейді София.
"Интернет таңдауы" номинациясының жеңімпазы болып "Будущее не за горами" жұмысының иесі алматылық Әнуар Жақиянов таңдалды. Оның жұмысына 3546 адам дауыс берген. Жеңімпазға "Меломан" компаниясының арнайы сыйлығы - "Хронология искусства" кітабын және Alash Media Grup компаниясының арнайы сыйлықтарын тапсырды.
Қазылар алқасының мүшесі, актриса Альмира Тұрсын жоба қатысушыларының жұмысына тәнті болғанын атап өтті.
Жоба қатысушысы Данияр Қдыров пен қазылар ақасының мүшесі Альмира Тұрсын.
"Мен мықты мамандармен, атақты суретшілермен жұмыс істегеніме қуаныштымын. Бұл үлкен тәжірибе болды. Жұмыстар өте керемет. Бұл еліміздегі сурет өнерінің дамығанын көрсетеді. Жасөспірім балалар да үлкендермен бір деңгейде өнер көрсетті. Мен көп қатысушыларды марапаттағы келді. Себебі барлық жұмыс өте керемет", - дейді Альмира Тұрсын.
"Ұлар" галереясының өкілі Кристина Акманова байқаудың басты мақсаты - жас суретшілерді қолдау екенін атап өтті.
"Мұндай байқаулар - балалар мен жастардың шығармашылық болашақтарындағы үлкен қадам. Жұмыстардың барлығы жеңіске лайықты. Бағалау кезінде бірнеше фактор ескерілді", - деді Кристина Акманова.
Сонымен қатар, галерея өкілі екі қатысушыны "ұлар" галереясында тегін көрме ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Олар - Әдия Әміржан мен Александр Головкин.
Адия Амиржан. Фото Tengrinews.kz
"Мен жүлделі орын алмағаныма өкінбеймін. Менің 20-ға жуық жұмысым бар. Енді көрме ұйымдастыруға дайындаламын", - дейді Әдия.
Байқау қатысушыларының жұмысы ERG компаниясының басқа қалалардағы филиалдарында көрсетілетін болады.
"Арманымдағы Қазақстан" мәдени футуристік жобасы еліміздің түкпір-түкпірінен талантты адамдарды жинады. Мақсаты - қазақ қоғамының сан қырлы әрі прогрессив екенін көрсету.
Байқау жеңімпаздары
Байқау жеңімпаздарын суретші, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Байтұрсын Өмірбеков, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, галереялар ісінің мұғалімі, Қазақстан Республикасы мәдениет менеджерлері қауымдастығының мүшесі Юрий Маркович, өнер тарихының кандидаты, Кастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің ғылыми хатшысы, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Екатерина Резник, актриса, жеке даму бойынша жаттықтырушы Альмира Турсын және ERG компаниясының өкілі Екатерина Похорукова бағалады.
Байқау жұмыстарын artdream.kz сайтынан көруге болады.