Жезқазғандық 13 жастағы қыз ата кәсіпті жалғастыруды армандайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Жезқазғандық 13 жастағы Көркемді достары "шабандоз қыз" деп атайды. Небәрі 5 жасында атқа мінген ол бүгінде әкесіне жәрдем беріп, 2 үйір жылқы бағып отыр. Асау тізгіндеп, талай бәйгеге түскен оқушы болашақта атадан жалғасқан кәсіпті дамыту арманым дейді.
Жылқы нәзіктікті, күтімді жаны сүйетін жануар. Қаршадай қыз оны жақсы біледі. "Атқа отырғанда өзіңді ғана ойламай, астыңдағы жануармен де санасқан жөн" дейді. Сондықтан туғаннан "Талисман" деп атын қойып, өзі үйреткен күрең құнанды ерекше баптайды. Қазір жылқының бәрі далада, тебінге жіберілген. Көркемнің міндеті - қолға ұстап қалған жабағылардың бабын табу.
"Кішкентай жасымнан мінем. Әкем үйретті. Өзінің алдына алып. Қатты қорқыныш жоқ. Бұрында қорыққанмын бірақ. Арманым - әкемнің шаруашылығын жалғастыру. Иә, жазғы каникул кезінде осы жақта боламыз бірыңғай", - дейді Жезқазған тұрғыны Көркем Серғазы.
Көркем қазір 8 сыныпта оқиды. Сабақтан бос уақытта шаруашылық басынан табылады. Асау үйретіп, бәйгеге түскен шабандоз қыз ерген бауырларын да бұл іске баулып жүр. Бұл ретте саналы ғұмырын жылқы шаруашылығына арнаған атасы ақылын айтып, кеңес беріп отырады.
"Әкеге жақын ғой қыз бала деген. Осы бала өзі құмартты содан кейін бетін қақпаймыз. Ақылды, сабақты жақсы оқиды. Кейіннен қойып кететін шығар, ер жеткеннен кейін, институт бітіргеннен кейін. Қазір құмар. Атқа да, шаруашылыққа да жақын. Қазір қыс қой, көп келе бермейді. Жаздыгүні каникулға шыққаннан кейін осы малдың ішінде. Тақымы берік қыз болашақта осы шаруашылықты одан әрі дамытсам дейді. Ат баптап, мал басын асылдандыру ісін қолға алуды жоспарлап қойған", - деді қыздың атасы Серғазы Әмзеұлы.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!