"Арман (Сені күнде көру)" әнінің қайырмасы екі минутта шықты - Илхан Ихсан

"Арман (Сені күнде көру)" әнінің қайырмасы екі минутта шықты - Илхан Ихсан
Фото: Instagram/Ilhan.ihsanov

Желіде хит болған "Арман (Сені күнде көру)" әнін орындайтын Илхан Ихсан "Жұлдыз FM" қонағы болып, өнерге қалай келгенін, хит әні қалай жазылғанын айтып, сұхбат берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Жаңақазан ауылының тумасымын. Сол жақта дүниеге келіп, 9-сыныпты ауылда тәмамдап, кейін Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық Эстрада-Цирк колледжіне ұрмалы аспаптар бөліміне  оқуға түстім. Былтыр сол жақты тәмамдап, қазір студияда жұмыс істеп жатырмын", - дейді әнші.

Әншінің ата-анасы қалаға көшіп, өнермен айналысуға қарсы болмаған. Өнерпаздың сөзінше, олар да бұл саладан алыс емес. Ал өнерге алғаш баулыған атасы екен. 

"Үш жасымнан бастап әкем мәдениет үйіне апарып, ән айтқызды. Ауылда домбыра мен фортепианоны бес жыл оқып, аттестат алдым, ал колледжде тәмамдаған мамандығым - барабаншы. Жетпіс деген үлкен атам Құрманғазының шәкірті болған. Анамның айтуынша, кішкентайымда домбыра сүйреп жүргенмін. Бірақ туған атам өнерге баулығысы келмеді. Әкем атама сол үшін ренжитін. Ал ол кісі "жоқ" деп шорт кесетін. Атамның 25 немересі бар, соның біреуі де музыкаға жақын емес. Бірде туған ағам атамның маған "Адай" күйін үйретіп жатқанын көріп қалған екен", - дейді өнер иесі.

Instagram/Ilhan.ihsanov

Қазір TіkTok-та бұл дауысқа 171 мыңнан аса видео түсірілген. Әншінің сөзінше, әннің қайырмасы екі минутта шыққан. 

"Шынымды айтсам, әннің ондай бір шығу тарихы жоқ. Бір апта бойы ештеңемен айналысқым келмеді. Тіпті музыкаға қызығым басылып қалды. Кейін қолыма гитара алып, осы ән шықты. Қайырмасы екі минутта шықты. Бір апта бойы музыкамен айналыспаған соң, қатты талпынып тұрдым. Ешқандай да махаббат хикаясы емес", - дейді өнерпаз.

@ilhan.ihsan7

Сені күде көру?

♬ ILHAN Nege magan arman seni kunde kóru - Il’han Ihsanov

Өнерпаздың айтуынша, ол "Арман (Сені күнде көру)" әні хит болады деп мүлде күтпеген.

"Алғашында әнімнің хит болғанына сенбедім. Менің өнерге жақын досым көп. Саддрадин, Нұрдәулет Карлов, Еркеш Хасен сынды аға-достарымның қасында жүріп, көмектестім. Сол кезде олардың туындылары танымалдыққа ие болып, хит болып жатқанда қандай сезім екен деп ойлайтынмын. Шүкір, оған да жеттік. Енді тек тоқтамау керек. Күшті сезім екен. Бәрі "осыны мақтап жіберейікші" деп өтірік істеп жүрген сияқты", - дейді әнші.

Қазірге дейін әншінің Youtube-арнасында бейнебаян бес миллионнан аса қаралым жинаған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек