Арман Исағалиев сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мемлекет басшысының өкімімен Арман Қайратұлы Исағалиев Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.
Арман Исағалиев туралы не белгілі?
Арман Исағалиев 1972 жылы 13 қыркүйекте Алматыда дүниеге келген. Ол 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетін бітірген. Сондай-ақ, Сиди Мұхаммед бин Абдулла университетінде және Египет Сыртқы істер министрлігі жанындағы дипломатиялық институтта оқыған.
Еңбек жолын 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушы болып бастаған. 1995 жылдан 1999 жылға дейін Қазақстан Ғылым академиясының Шығыстану институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген.
2000 жылдан 2004 жылға дейін Египеттегі Қазақстан елшілігінің бірінші хатшысы қызметін атқарған. 2004 жылдан 2006 жылға дейін бизнес саласында жұмыс істеген.
2008 жылдан 2011 жылға дейін Сауд Арабиясындағы Қазақстан елшілігінің кеңесшісі болған. Содан кейін Президент әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығын басқарған (2011-2014 жылдары).
Ол 2014 жылдан 2017 жылға дейін Дубай мен Солтүстік Әмірліктердегі (БАӘ) Қазақстанның Бас консулы қызметін атқарды. 2017 жылы Қазақстанның Мысырдағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды, ал 2019 жылдан 2020 жылға дейін Алжир мен Тунисте де Қазақстанның атынан өкілдік етті.
2020 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстанның Қатардағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды.
Араб және ағылшын тілдерін біледі. Үйленген және бес баласы бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова