“Әркім өз білгенін жасауды қою керек“: Үкіметке бюджет бағдарламаларына ревизия жүргізу тапсырылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бюджет бағдарламаларына ревизия жүргізуді тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президенттің пікірінше, мемлекеттің тиімсіз шығындарын қысқарту үшін қолданыстағы бюджет бағдарламаларын бастан-аяқ қайта қарау қажет.

"Бұл – өте маңызды міндет. Мұны орындауды созбалаңға салмаңыздар. Бұл істе Қаржы және Экономика министрліктері қатаңдық пен табандылық танытуы керек. Бюджет қаржысын игерудің қазіргі критерийінен бас тартып, мемлекеттік инвестицияның тиімділігін басқаруды күшейткеніміз дұрыс. Үкімет пен әкімдер бюджет игерілмей қалуынан қауіптеніп, жобаларға қаржы бөлу тәжірибесін доғаратын кез келді. Ең сорақысы, мұндай шешімдер субъективті түрде қабылданып, қаржы таңдаулыларға ғана беріледі. Тоқетері, әркім өз білгенін жасағанды қою керек. Енді мұндайды мемлекет мүддесіне қасақана қарсы әрекет ету деп қарастырамыз", - деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бюджет қаржысы азаматтарымызға нақты пайда әкелетін және ұлттық экономика дамуына септігін тигізетін жобаларға берілуге тиіс.

"Үкіметке биыл 1 мамырға дейін бюджет бағдарламаларына ревизия жүргізіп, мемлекет есебінен қаржыландырылатын жобаларды іріктеу механизмін жетілдіру тапсырылады. Бұл квазимемлекеттік секторға да қатысты. Мен жолдауда бұл мәселе туралы айттым: бюджет шығындарының ашықтығын қамтамасыз ету үшін, яғни қаржы қайда, қалай және не үшін жұмсалып жатқаны айқын болуы үшін цифрлық теңгені белсенді пайдалану қажет. Қазір бұл тәсіл мемлекеттік сатып алу жүйесінде, субсидиялау кезінде, сондай-ақ, Ұлттық қордан ірі жобаларға қаражат бөлу барысында тиімді қолданылып жүр. Бұл құралды басқа да салаларға енгізіп, аясын кеңейту керек", - деді Президент.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!