- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әрқайсысы 43 082...
Әрқайсысы 43 082 100 теңге: түркістандықтар енді су жаңа автобуспен жүреді
Облыс орталығына айналғалы күн санап тұрғындары мен қонақтарының саны ұлғайып келе жатқан Түркістан қаласына су жаңа автобустар келді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Көліктер енді қаланың көрікті келбетіне әр берумен қатар, жайлы қызмет пен озық мәдениеттің үлгісіне айналады. Түркістан халқын қоғамдық көлікпен қамтамасыз етіп отырған "Жолаушы" ЖШС көлік саны жаңа үлгідегі "ISUZU LE60" маркалы 10 дана автобуспен толықты. Сыйымдылығы 25/56 жолаушыға лайықталған, ұзындығы 8,5 метр, желдеткіш пен қолдыарбаға арналған пандус, электронды билет беру және үш бейнебақылау құрылғысымен жабдықталған. Мұндай хабарды естіген тұрғындар әсіресе бүгінде көлік бармайтын көшелерге берілсе екен деген тілек білдірді.
"Жаңа автобустар келді деп естіп жатырмыз. Бірақ солар енді халықтың шын игілігіне қызмет етсе, яғни, қазір қоғамдық көлік бармай жатқан "Оралман" жақта соңғы көшеге дейін қатынаса жақсы еді. Әйтпесе, біз қазір күннің ыстығы мен суығында үйден шығып бірнеше көше жаяу жүріп, жолдың бойына шығуға мәжбүрміз. Біз жаққа тіпті таксилер де оңайлықпен келе қоймайды. Жергілікті билік осыны ескерсе", - дейді Қалима Сапарова атты тұрғын.
Ал, "Жолаушы" ЖШС-ға хабарласқанымызда, олар әлгі көліктердің нақты қай бағытқа қатынайтыны әлі белгісіз екенін, олардың енді ғана келгендіктен әзірге құзырлы орындардан пәрмен күтіп отырғандарын айтты.
Айта кетейік автобустың әрқайсысының бағасы 43 082 100 теңге. Жалпы сомасы 430 821 000 теңгеге жаңа автобустар алынды. Жақында дәл осындай үлгіде тағы 10 дана сонымен қатар қосымша "YUTONG" маркадағы 16 дана автобус келеді деп күтіліп отыр. Қолданыстағы қалаішілік әлеуметтік маңызы бар бағыттарында қайта жандандырып, жүргізу жоспарлануда.
Қарапайым халықтың діттеген жеріне уақытылы жетуіне бар жағдай жасалған. Сонымен қатар жарнамалық экрандар мен желдеткіштер орнатылған. Пайдаланушыларға аялдама аты арнайы жүйе арқылы хабарланып отырады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы