- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Әрқайсына ай сайын...
"Әрқайсына ай сайын 181 мың теңге жұмсалады". Қара Бүркітте өмір бойына бас бостандығынан айырылған қанша адам отыр?
Қостанай облысындағы "Қара бүркіт" (ресми атауы - УК39 мекемесі) түрмесінде өмір бойына сотталған 180 адам отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Қостанай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті" Massaget.kz тілшісінің ресми сауалына берілген жауапта айтылған.
Ведомство өкілдері, өмір бойына сотталғандар қандай қылмыс жасағаны үшін сотталғанын айтты.
"Өмір бойына бас бостандығынан айырылған сотталғандар жеке тұлғаға қарсы, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстық құқықбұзушылықтары үшін жазаларын өтеп жүр. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде адам жегені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған", - делінген ресми жауапта.
Мекеме өкілдері, сотталғандардың бір күні қалай өтетінін айтты.
"Сотталғандардың күні мекеме бастығымен бекітілген күн тәртібіне сәйкес ұйқыдан тұрғызудан басталып, жаттығу жасау, таңғы ас, таза ауада серуендеу, түскі ас, телефонмен байланысу, жақындарымен кездесу, тәрбие іс-шараларын өткізу, соның ішінде мәдени және спорттық іс-шараларды өткізу, телебағдарламаларды көру, жеке уақыт, кешкі ас және ұйқыға жатқызумен өтеді. Мекеме қызметкерлері сотталғандармен жазаны өтеудің бекітілген тәртібін бұзбау мақсатында күнделікті жұмыс жүргізеді. Одан бөлек сотталғандардың психоэмоционалдық жағдайын жақсарту мақсатында жеке және топтық түрде психокоррекциялық және психопрофилактикалық жұмыстар жүргізіледі", - дейді ведомство өкілдері.
Сотталғандарға бекітілген кестеге сай жақындарымен телефон арқылы байланысуға 15 минут уақыт беріледі екен.
"Жылына 4 рет берілетін 2 сағаттық кездесуге, оның ішінде, видеобайланыс арқылы кездесуге құқықтары бар. Бүгінде бір сотталған басына ай сайын 181 мың теңге көлемінде қаржылай шығын жұмсалады", - делінген ресми жауапта.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина