"Ұлыбританяға апарамын" деп алдап кеткен. Алматыда шет елдерге жұмысқа орналастырумен айналысатын компанияға алданған бұқара ақшаларын қайтара алмай жүр. Айтуларынша аталмыш компанияға 300-ге жуық адам миллиондап ақша беріп, қайтарылмаған қаржы көлемі 400 миллионға жеткен. Бұқара "осыдан 3 ай бұрын арыз жаздық" дегенмен, тергеу ісі сол күйі тоқтап тұрған көрінеді. Тұрғындардың талабын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты.
Амалы таусылған бұқара Алмалы аудандық полиция басқармасының алдына тағы жиналды. Ақша табу үшін шетел аспақ болғандар компания қызметкерлерінің "құлпынай теріп, айына 2 миллион теңге табасың" деген сөзіне сеніп қалған. Тіпті әрқайсысы 1 миллион теңгеден санап беріпті.
"Бұл компаниясға 2023 жылы маусым айында бардым. 1 миллион теңге берсеңіз 20-30 күннің ішінде Англияға апарамыз деді. 500 мың теңге сол жерде төлеп, қалған ақшаны бір айдан кейін беруге уағдаластық. Одан кейін Польша мемлекетіне, содан соң Нидерланды еліне барасың деді. Жалақы 2 миллион теңге. Құлпынай, саңырауқұлақ тересіңдер. 6 айдан 1 жылға дейін жұмыс істейсіңдер деп айтты", - дейді Қайрат Мұсаев.
Сылтаудың сан түрін ойлап тапқан компания өкілдері "3 жылға жұмыс істеуге жіберемін, ұшаққа билетіңді өзім әперемін" деп халықты алдап келген. Сорақысы сол ақша табу үшін шетел аспақ болғандардың басым бөлігі бұл сумманы несиге рәсімдепті.
Фото: компанияның инстаграмм парақшасы
Бұл компанияның қызметіне жүгініп, шетелге барғандардың өзі жұмыс таппай сенделіп, ұшаққа билет ала алмай елге әрең келген. Десек те олқылығы көп компания қызметтің құнын өсіре берген. Алданғандардың алғашқы легі 750 мың берсе, одан кейінгілер 1 миллион теңге, соңғылары 1 миллион 500 мың теңгені санап берген.
Жәбірленушілердің адвокатының сөзінше бұқараның арызы бойынша қылмыстық іс 3 ай бұрын тіркеліпті. Алайда тергеу созбалаңға салынып, іс тоқтап тұр екен. Тергеу басшысы үстінен арыз түскен адамды енді ғана тапқан көрінеді.
"Бұл кісілердің арызданған адамын енді әкеліп жатыр. 3 ай бойы Қазақстанда болмады дейді. Негізі Қазақстаннан еш жаққа кетпеген. Арыз түскен адамды бірден әкеліп тергеу керек қой. Бірақ ондай істер жүріп жатқан жоқ. Шағымданушылардың бәрінен арыз алынған, уәждерін айтты. Кейін компания өкілдері шетелде жұмыс жоқ екенін айтты. Компанияның шетелде жұмысқа тұрғызатындай мүмкіншілігі жоқ екенін де анықтап отырмыз. Бірақ құзіретті органдар барлығын біле тұра бүгінгі күнге дейін ешқандай тергеу амалдарын жүргізбеген", - дейді заңгер Тілеужан Кішкенебаев.
Сондай-ақ қорғаушы құзырлы органдар алданудың алдын алумен күресуі керек деп есептейді. Себебі ағайынның ақшасын қалтасынан қағып алып, сан соқтырып кететіндер көбейген.
Ал бұл мәселеге қатысты Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек жәбірленушілердің арызы осыдан үш ай бұрын емес, биылғы жылдың 22 қаңтарында түскенін айтты.
"Бұл дерек бойынша жәбірленушілердің арызы 2024 жылдың 22 қаңтарында Алмалы аудандық полиция басқармасына келіп түскен болатын. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 190 бабының, 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, барлық мән-жайлар анықталуда. Қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген барлық тергеу әрекеттері жүргізілуде", - дейді Салтанат Әзірбек.
Бұқара ақшасыз, "жұмыссыз қалдырған компания берген ақшамызды қайтарып берсін" дейді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!