Түркістан облысында туыстары марқұм Нұрай Серікбайды ақтық сапарға шығарып салды. Бар-жоғы 21 жасында кісі қолынан қаза тапқан қыздың жақындары тергеу бұрмаланбауын сұрайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Шымкентте қоғамдық орында бірнеше жерінен пышақталып, оқиға орнында қайтыс болған 21 жастағы Нұрай Сәрсенбайдың туыстарының сөзінше, марқұм Алматыда дизайнер мамандығы бойынша білім алып жүрген. Сессиясын жауып, қысқы демалысқа үйіне келген.
Басылым дерегінше, марқұм күдіктімен былтыр жазда тойда танысқан, көп өтпей жігіт сөз салып, қазанда еркінен тыс алып қашқан.
"Бұл некеге қыз да, оның отбасы да қарсы болған. Полицияның көмегімен жігіттің үйінен қызды алып кеткен. Бірақ қыз кешірім берген, күдікті қайта мазаламайтынын айтып уәде еткен", - деп жазылған басылым мәліметінде.
Жақындарының айтуынша, қыздың арқа тұсына жеті рет пышақ сұққан, бетін тілген, мойнын осып жіберген.
"Ежелгі дәстүріміз бойынша жуып, арулап шығарып салуымыз керек еді. Ондайға да жағдайымыз келмей тұр. Себебі ауыр жарақаттар салып тастаған. Бетін көріп, шошып кеттік. Арқасының өзінен 7 жерінен ұрған ғой", - деді марқұмның туысы Ғалымжан Сағымбек.
Қыздың жақындары бұл бір отбасының ғана емес, көптің қайғысы екенін айтады. Олар мұны қасақана дайындалған аса ауыр қылмыс деп санайды. Сондықтан әділ тергеуді, қатаң жазаны талап етіп отыр.
"Алтындай қызымнан айырылып отырмын. Толықтай жазасын алсын. Айуандықпен қызымды өлтірген адамды кешіруге болмайды", - деді марқұмның анасы Айгүл Сағымбекова.
Еске салайық, 11 қаңтарда Шымкентте пышақ жарақаттарынан 21 жастағы қыз көз жұмды. Кейін күдікті қала аумағынан шамамен 10 шақырым қашықтағы ашық жерде ұсталды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!