“Арқаны кеңге салуға болмайды“. Тоқаев айрықша маңызды жұмысты атады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің жаңа толқынын даярлау айрықша маңызды жұмыс екенін айтты.

"Биыл білім беру саласына 13 мыңнан аса грант бөлінді. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы бес жылда екі есе көбейді. Жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы 84 мың теңге болады. Осындай нақты шаралардың нәтижесінде жастардың мұғалім болуға ынтасы артып келеді. Былтыр 1800-ге жуық Алтын белгі иегері педагог мамандығына оқуға түскен. Ал биыл 2 мыңнан аса үздік түлек ұстаз мамандығын таңдап отыр. Бұл - Алтын белгі иегерлерінің 23 пайызға жуығы деген сөз. Мұның бәрі қоғамда ұстаздардың абырой-беделінің арта түскенін аңғартады", - деді Тоқаев.

Президент мұғалімнің білігін, мәртебесін көтеру және білім сапасын арттыру үшін басқа да көптеген шара атқарылғанын айтты.

"Нәтижесі жаман емес. Биыл оқушыларымыз әлемдегі ең беделді жеті олимпиададан 27 медаль алды. Бұдан бөлек халықаралық олимпиадалардан 1000-ға жуық медаль иеленді. Бұл, әрине, ұл-қыздарымыздың сапалы білімі мен терең ізденісі және ұстаздардың қажырлы еңбегінің жемісі. Мен жақында осындай бір топ оқушыны Ақордаға арнайы шақырып, марапаттадым. Олар қазақтың зияткер ұлт екенін бүкіл әлемге танытып жүр. Жалпы нақты жетістіктер аз емес. Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі алда атқарылатын шаруа одан да көп. Осы орайда бүгін оқу-ағарту саласына қатысты бірқатар ойымды ортаға салғым келеді", - деді Мемлекет басшысы.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!