Арқалықта полицейлер көпірден құлап, мұздай суға түскен кәмелетке толмаған қызды құтқарды. Оқиға 27 қазанға қараған түні болған. Құтқару сәті бейнежазбаға түсіп қалды, деп хабарлайды Massaget.kz Tengrinews.kz cайтына сілтеме жасап.
Қостанай облысының Полиция департаменті ұсынған мәліметке сәйкес, полицияға қыздың анасы хабарласқан. Ол қызының үйден шығып кетіп, қайта оралмағанын айтқан.
Полиция қызметкерлері бірден іздестіру жұмыстарына кірісті. Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы кәмелетке толмаған қыздың көпір үстінде тұрғаны анықталды. Оқиға орнына патрульдік полиция экипажы жіберілді.
Полицейлер мұз қатқан суға түсті
«Оқиға орнына жеткен полицейлер қызды мұздай судан байқап, дереу құтқаруға кірісті. Қызметкерлер арқан пайдаланып, кейін кәмелетке толмаған қызды судан алып шығу үшін өздері де суға түсті. Полицейлердің батыл әрі жедел әрекетінің арқасында қызды аман алып қалу мүмкін болды», – деп хабарлады Қостанай облысының Полиция департаменті.
Зардап шеккен қыз медициналық мекемеге жеткізіліп, оған қажетті көмек көрсетілді. Оқиға туралы анасына хабар берілді. Жиналған материал кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшеге жолданды.
Қостанай облысының Полиция департаменті ата-аналарды балаларының қайда жүргеніне және эмоционалдық жағдайына мұқият болуға, сондай-ақ оларға дер кезінде қолдау көрсетуге шақырды.