Арқалықтың әуежайы қайта жандануы мүмкін. Үкімет басшысы депутаттардың жолдаған сауалына жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қостанай облысында Арқалық қаласы мен шалғайдағы Амангелді жəне Жангелдин аудандарының тұрғындарымен кездесулері барысында көптен бері тұрақты түрде көтеріліп жүрген Арқалықта да əуежай салу қажеттілігін еске салғым келіп отыр. Бұрын Арқалық Торғай облысының орталығы болып тұрған кезде онда үлкен əуе кемелерін қабылдай алатын əуежай болған. Содан, облыс жабылып қалған соң, мүлтіксіз жұмыс істеп тұрған нысан сол кездегі билік пен Қазақстанның əуе əкімшілігінің қарауынсыз қалып, ақыр соңы жекеге сатылып, шаруасы біткен. Яғни, теріс құбылыс болған", - деп бірнеше Мәжіліс депутаты премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға сауал жолдаған еді.
Үкімет басшысы Қостанай облысының әкімдігі Арқалық қаласында әуежайдың жұмысын қалпына келтіру мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтады.
"Осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен ұшу-қону жолағын, жермен жүру жолын, перронды, аэровокзалды және әуежай инфрақұрылымын тексеру үшін қаражат (9,5 миллион теңге) бөлінді. Зерттеу нәтижесінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді, ұшақтарға қызмет көрсету үшін жаңа жабдықтар мен арнайы техниканы сатып алуды қоса алғанда, әуежайдың инфрақұрылымын қалпына келтіру және жаңғырту жөніндегі іс-шараларды жүргізудің орындылығы айқындалатын болады", - деп жауап берді Премьер-министр Әлихан Смайылов.
Жасұлан Ордабаев
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!